Ақтөбе облысында алдағы оқу жылы қарсаңында 6 жаңа мектеп ашылады.
Өңірде білім ордаларының құрылысы қарқынды. Облыс аумағында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы мен жергілікті бюджет есебінен және жеке инвестор қаражатына 28 мектеп салынып жатыр. Күн санап бой түзеп жатқан ғимараттар үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін қаншалықты шешеді?
Бұл білім ордасы 2 мың оқушыға арналған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан ең үлкен ғимараттардың бірі. Шаһардың «Алтын орда» шағын ауданындағы оқушы орны тапшылығын жоюы тиіс. Құны 9 млрд 59 млн теңге болатын жобада мектепке қажетті құрал-жабдықтың барлығы қарастырылған.
Самат Әбілқадыров, жоба жетекшісі:
- Мектептің ауласын абаттандыру жұмыстары ғана қалып тұр. Ойын алаңдарын жарақтап, жерге резеңке жабынды төсеп жатырмыз. Өзге жұмыстардың барлығын аяқтап, мектеп ғимаратын тапсыруды бастадық. Білім ордасы нөмірі 80 орта мектебі атанды.
Тағы бір мәселе апатты күйге жеткен ғимараттар. Атап айтқанда Темір ауданындағы Жансен Кереев атындағы мектеп пен Шалқардағы Бозой орта мектебі әбден ескірген еді.
Нұргүл Бертілеуова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Жансен Кереев атындағы орта мектептің орнына «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында және Бозойда бұл жергілікті бюджеттің есебінен жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы құрылыстың есебінен үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі толығымен шешілетін болады.
Жалпы өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 білім ордасы салынып жатыр. Бюджет есебінен 14, жеке инвестиция қаражатына 2 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұл дегеніңіз қосымша 13 630 оқушы орны. Жалпы биыл білім ордалары ғимараттарының құрылысына 123 млрд теңге бөлінген.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов 24КZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Келешек мектептері #білімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz