Кембридж университетінің ғалымдары жасанды интеллектінің көмегімен әмбебап вакцина ойлап тапты. Қазіргі екпелер тек бір жұқпалы ауруға қарсы иммундық жүйе қалыптастырады. Алайда көп вирус мутацияға ұшырайды. Сөйтіп көп ұзамай вакцина тиімсіз болып қалуы мүмкін. Ал жаңа препарат бір мезетте бірнеше жұқпалы аурудан қорғайды. «Тіпті жаңа штамдарға қарсы ағзада қорғаныш реакциясын қалыптастыра алады», - дейді зерттеушілер. Өйткені жасанды интеллект ондаған вирустың генетикалық кодын талдап, ортақ әрі өзгермейтін тұстарын анықтаған. Нәтижесінде нейрожелі бірегей антиген әзірлеп шыққан. Ғалымдардың айтуына қарағанда, жасанды интеллект болашақта миллиондаған адамның өмірін арашалап қалуға сеп болады. Зерттеушілер екпенің алғашқы клиникалық сынағын өткізіп, қауіпсіздігін тексерді. Вакцинаның ауыр әсері тіркелмепті. Енді екінші кезеңге дайындық жүріп жатыр. Оған 200-ге жуық ерікті қатысады деп отыр. Коронавирус пандемиясы кезінде жаппай вакцинациялау шарасын жүргізу біраз қиындық туғызған еді. «Енді жаңа технологияның нәтижесінде екпені тасымалдау және сақтау да жеңілдейді», - дейді зерттеушілер.
Тегтер #ЖИ #вакцина #Кембридж университеті #ғалым #екпе #Hi TechPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz