Қазақстанда берешектерді өндіріп алу үдерісі қарқынды цифрландырылып келеді. Мемлекеттік органдар банктермен өзара іс-қимылдың электрондық тетіктерін барған сайын белсенді қолдануда. Осыған байланысты азаматтар айыппұлдар, салықтар, алименттер немесе басқа да берешектерге байланысты банк шоттарының күтпеген жерден бұғатталуымен жиі кездесуде.
Шоттың бұғатталуына не себеп және бұл мәселені заңды түрде қалай жылдам шешуге болады? Бұл сұрақтардың жауабын қаржыгер Айгерім Ілиясовадан «24KZ» тілшісі біліп көрді.
Банк шотына кім тыйым сала алады?
Шоттарға салық органдарының, соттың немесе Қаржылық мониторинг агенттігінің шешімі негізінде сот орындаушысы тыйым сала алады.
Мәселен, салық органдары салық берешегі болған жағдайда немесе міндетті есептілік тапсырылмаған кезде шот бойынша операцияларды шектеуге құқылы. Сондай-ақ сот талап арызды қамтамасыз ету шарасы ретінде ақша қаражатына тыйым салуы мүмкін.
Бұдан бөлек, клиенттің қаржылық операциялары кірістерді заңдастыруға (ақшаны жылыстатуға) қарсы іс-қимыл туралы заңнама аясында күмәнді деп танылған жағдайда да шектеулер енгізілуі мүмкін.
Егер шот бұғатталса не істеу керек?
Бірінші кезекте банктен шотқа тыйым салған нақты органды анықтау қажет. Әдетте бұғаттауға дейін азамат сот орындаушысынан, салық органынан немесе өзге де уәкілетті құрылымнан жауапты қызметкердің байланыс деректері көрсетілген хабарлама алады.
Егер азамат берешекпен келіссе, қарызды өтеп, тыйым салған органға оны жою үшін растайтын құжаттарды жолдауы қажет.
Ал егер азамат шоттың бұғатталуын негізсіз деп есептесе, e-Otinish сервисі арқылы немесе тікелей уәкілетті органға шағымдана алады.
Егер шектеулер күмәнді операцияларға байланысты болса, банк әдетте қаражаттың шығу тегі мен төлемдердің мақсаты туралы қосымша ақпарат сұратады. Қажетті құжаттар ұсынылғаннан кейін шектеулер алынып тасталуы мүмкін.
Сондай-ақ шотты бұғаттау көп жағдайда уақытша шара екенін және ол шот иесінен белсенді әрекет етуді талап ететінін есте ұстаған жөн.
Сонымен қатар заңнама төлемдердің жекелеген түрлерін қорғауды қарастырады. Мемлекеттік жәрдемақыларды, атаулы әлеуметтік көмекті, әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй төлемдерін, алименттерді және бірқатар басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға арналған арнайы шоттарға тыйым салуға болмайды.
Алайда мұндай қорғаныс қаражат арнайы шотқа түскен жағдайда ғана қолданылады. Егер әлеуметтік төлемдер қарапайым ағымдағы шотқа аударылса, қаражатқа тыйым салу қаупі сақталады.
Сондықтан жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алушыларға алдын ала арнайы шот ашу ұсынылады. Мұны банк бөлімшесінде шоттың мақсатын қызметкерге хабарлау арқылы да, сондай-ақ көптеген банктердің мобильді қосымшалары арқылы да жасауға болады. Қосымшаларда арнайы шот ашу және әлеуметтік төлемдер үшін бөлек карта шығару мүмкіндігі қарастырылған.
Тегтер #банк #сот орындаушысы #шот бұғаттау #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz