Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау және тәуекелдерге негізделген мінез-құлықтық қадағалау жүйесін құратын нормативтік-құқықтық актілер пакетін мақұлдады. Жаңа жүйе 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық күшіне енеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржы өнімдерін әзірлеуден бастап, оларды нарыққа шығару, сүйемелдеу және тоқтату кезеңдерін қамтитын бірыңғай талаптар банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары және бағалы қағаздар нарығының қатысушылары үшін міндетті болады.
Реттеуші енді тек заң талаптарының сақталуын ғана емес, сонымен қатар қаржы өнімдерінің тұтынушылардың нақты қажеттіліктеріне, қаржылық мүмкіндіктеріне сәйкестігін және әділ нәтиже беретінін бағалайтын болады.
Тұтынушылардың шағымдарын сотқа дейін шешудің бірыңғай стандарты мен ашық тәртібі бекітілді. Омбудсманның шешімдері қаржы ұйымдары үшін міндетті сипатқа ие.
Цифрлық платформа арқылы азаматтар бірнеше несие беруші алдындағы (банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар) берешектерін бір мезгілде реттей алады.
Кепілсіз тұтынушылық займдардың ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 46 пайызға дейін төмендетілді.
Банктердің кепілсіз займдарының шекті мөлшері 9,5 миллион теңге, ал микроқаржы ұйымдарында 4,8 миллион теңге болып бекітілді. Сондай-ақ мерзімі 5 жылдан асатын кепілсіз кредиттерге тыйым салынды.
Төлем қабілеті нашарлаған азаматтарға (30 күннен астам мерзімі өткен қарызы барларға) және соңғы 3 жылда қарызы кешірілгендерге жаңа займ беруге қатаң шектеулер қойылды.
Нәтижесінде, елімізде халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алып, қаржы нарығындағы жүйелік тәуекелдерді азайтуға бағытталған жауапты несиелеу үлгісі толық қалыптастырылуда.
Тегтер #қаржы #несие #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz