Қазақстандағы ең қомақты айыппұлдар көбінесе қоғамдық қауіпсіздікке, мемлекеттік құндылықтарға, ұлттық мұра мен табиғи байлықтарға нұқсан келтіретін әрекеттер үшін қолданылады, деп хабарлайды «24KZ».
Мамандардың айтуынша, заң талаптарын қатаң сақтау – азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеріп қана қоймай, отбасылық бюджетті де қорғаудың басты кепілі.
Елімізде ең қатаң жаза қолданылатын және миллиондаған теңгемен есептелетін ең үлкен айыппұл түрлері мен олардың себептері төмендегідей:
Мемлекеттік рәміздерді қорлау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын немесе Мемлекеттік әнұранын қорлау не құрметтемеу әрекеттері үшін.
Бұл әрекет Қылмыстық кодекспен реттеледі. Заң бұзушыларға 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл, яғни 12 975 000 теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін немесе сол мөлшерде басқа да қылмыстық жазалар қарастырылған.
Вандализм және қоғамдық мүлікті бүлдіру
Елді мекендердегі ғимараттарды, құрылыстарды, көліктерді, қоғамдық орындарды немесе тарихи-мәдени ескерткіштерді ластау, бүлдіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын вандализм актілерін жасағаны үшін.
Ауырлататын мән-жайлар мен заңбұзушылық сипатына байланысты Қылмыстық кодекс бойынша 2 000 АЕК-ке дейін, яғни 8 650 000 теңгеге дейін айыппұл салынады немесе басқа да бас бостандығын айыру жазалары тағайындалуы мүмкін.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ережені бұзу немесе өрт шығару
Мемлекеттік қорықтар, ұлттық парктер мен табиғи резерваттар аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу, рұқсат етілмеген жерлерде от жағу немесе табиғат қорғау режимін бұзатын әрекеттер жасағаны үшін.
Бұл жағдайда айыппұлдар айтарлықтай жоғары болып, құқық бұзушының мәртебесіне (жеке тұлға немесе субъектілер) байланысты 100 АЕК-тен 1 500 АЕК-ке дейін, яғни 6 487 500 теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Сонымен қатар, бұған қоса келтірілген экологиялық залал толықтай өндіріледі.
Арнайы қызметтерге көрінеу жалған қоңырау шалу
Шұғыл әрекет ететін арнайы қызметтерге (полиция, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем, құтқарушылар) жалған хабарлама беріп, оларды орынсыз әуреге салғаны үшін. Бұл қоғамдық қауіпсіздікке және мемлекет ресурстарына үлкен зиян келтіретін әрекет болып саналады.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 438-бабына сәйкес, бұл бұзушылық үшін 60 АЕК мөлшерінде яғни, 259 500 теңге айыппұл қарастырылған, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы да қарастырылған.
Тегтер #айыппұл #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz