Қазақстанда ломбардтардағы қарыздар бойынша мерзімі өткен төлемдер азаматтардың несиелік тарихына әсер етпеуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі автомобильдер мен басқа да жылжымалы мүлік кепілімен берілген микрокредиттер бойынша мерзімі өткен төлемдер, айыппұлдар мен өсімпұлдар туралы ақпаратты несиелік есептерден алып тастауды көздейтін құжат әзірледі, деп хабарлайды 24kz.
Өзгерістер жобасына сәйкес, жеке мүлік, соның ішінде автомобильдер кепілімен ломбардтардан алынған займдар бойынша мерзімі өткен төлемдер туралы ақпарат несиелік тарихтан көрсетілмейді.
Жаңа өзгерістер күшіне енгеннен кейін несиелік есепте мыналар көрсетілмейтін болады:
қарыздың неше күнге кешіктірілгені;
мерзімі өткен төлемдер сомасы;
есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар;
соңғы төлем жасалған күн.
Сонымен қатар, несиелік бюролар қарыз алушы қарызды толық өтеп, шарт жабылғанға дейін мұндай займның мәртебесін «әрекет етіп тұрған» ретінде сақтауға міндетті болады.
Ломбард жеке мақсатта пайдаланылатын жылжымалы мүлікті кепілге қоя отырып берген микрокредит шарты бойынша несиелік есепті ұсынған кезде, несиелік бюро несиелік есепте қарыз алушының міндеттемесі мен микрокредит шарты тоқтатылғанға дейін микрокредиттің «Әрекет етіп тұрған» деген мәртебесі көрсетілуін қамтамасыз етеді, – делінген құжатта.
Сондай-ақ, несиелік есептерде нақты уақыт режимінде қарыз алушының кредит алудан ерікті түрде бас тартуын белгілегені (немесе оны алып тастағаны) туралы ақпарат көріне бастайды.
ҚНРДА қаулысының жобасы ресми түрде алғаш жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Тегтер #несие тарихы #ломбард #микрокредит #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz