Қарыз жүктемесі көтере алмайтын деңгейге жеткенде не істеу керек? Көпшілік үшін жалғыз шығар жол ретінде банкроттық аталады. Алайда сарапшылардың айтуынша, қарыздан құтылудың басқа да тиімді жолдары бар. Банкроттық па, әлде қарызды бес жыл ішінде өтеу ме? Борышкерлердің қандай мүмкіндіктері бар екенін Qazaq Expert Club сарапшысы судья Динара Құйқабаевадан «24KZ» тілшісі біліп көрді.
2025 жылы қазақстандықтар соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдеріне шамамен 159,4 мың өтініш берді. Бұл 2023 жылғы (77,3 мың) және 2024 жылғы (83,1 мың) көрсеткіштерден екі есеге жуық көп.
Бір жағынан, банкроттыққа өтініштер санының артуы көптеген қазақстандық үшін қарыз жүктемесінің көтере алмайтын деңгейге жеткенін көрсетеді. Екінші жағынан, азаматтар мәселені шешудің заңды жолдары, соның ішінде банкрот мәртебесін алмай-ақ кредиторлар алдындағы берешекті өтеу мүмкіндігі туралы көбірек біле бастады.
Бүгінде соттан тыс банкроттыққа өтінішті сотқа жүгінбей-ақ, eGov арқылы онлайн беруге болады. Алайда өтініштер саны банкрот деп танылған адамдардың санына тең емес. Өтініштер қайталанып берілуі мүмкін, ал рәсім заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда ғана қолданылады.
Банкроттыққа қатысты қоғамда әлі де көптеген жаңсақ түсінік бар. Сарапшының айтуынша, оны көбіне адамның жеке сәтсіздігі немесе қарыз бойынша жауапкершіліктен жалтару әрекеті ретінде қабылдайды. Алайда міндеттемелерін объективті себептермен орындай алмайтын адал азамат үшін бұл – кредиторлардың құқықтарын ескере отырып, ұзақ жылдарға созылған қарыз мәселесінен шығудың заңда қарастырылған жолы.
Дегенмен банкроттық – жалғыз шешім емес. Сарапшы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру дербес сот рәсімі екенін атап өтеді. *Ол банкрот мәртебесін алмай және оған байланысты шектеулерге ұшырамай, сот бекіткен жоспар бойынша қарыздарды реттеуге мүмкіндік береді.
Жоспарда төлемді бөліп төлеу, кейінге қалдыру, пайыздық мөлшерлемені төмендету және басқа да шаралар қарастырылуы мүмкін. Жалпы ереже бойынша оны орындау мерзімі бес жылға дейін созылады. Бұл рәсімге жүгінуге тұрақты табыстың болуы және (немесе) мүлік құнының барлық міндеттемелер сомасынан асуы негіз бола алады.
Бұл рәсімге қызығушылықтың артқанын сот статистикасынан да көруге болады. 2025 жылдың алғашқы төрт айында төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы 1 788 өтініш және сот арқылы банкроттық туралы 1 273 өтініш түсті. Осылайша, аталған екі сот рәсімі бойынша өтініштердің 58,4%-ы төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қатысты болды. Бұл көрсеткіш тек сотқа берілген өтініштерді қамтиды және соттан тыс банкроттықты есепке алмайды.
Көптеген борышкер үшін кредиторлар алдындағы қарызын өтеу мүмкіндігін сақтап қалу маңызды. Бірақ төлемдерді нақты табысы мен қажетті шығындарын ескере отырып жоспарлау қажет. Мұнда жоспардың орындалу мүмкіндігі шешуші рөл атқарады: онда қарастырылған төлемдер борышкердің шамасына сай болуы тиіс.
Динара Құйқабаева үміт ұялататын статистиканы келтіреді: «2025 жылдың алғашқы төрт айында соттар банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы 764 іс бойынша шешім шығарды. Оның 445-інде, яғни 58%-дан астам жағдайда азаматтардың талаптары қанағаттандырылды. Бұл жерде барлық берілген өтініштер емес, сот шешімі шығарылған істер туралы айтылып отыр».
Сотқа жүгінудің өзі тиісті рәсімнің қолданылатынына кепілдік бермейді. Сот заңды негіздерді тексеріп, азаматтың табысын, шығыстарын, мүлкі мен міндеттемелерін бағалайды. Оның адалдығы да маңызды.
Мысалы, мүлікті немесе табысты жасыру, жалған мәліметтер ұсыну және банкроттықты міндеттемелерден жалтару үшін пайдалану әрекеттері күткен нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіруі мүмкін. Өтініш беруші рәсімді теріс пайдаланбаған күннің өзінде, заң талаптарына сәйкес келмесе, оның өтініші қабылданбауы мүмкін.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Qazaq Expert Club #банкроттықБіз өтініштер статистикасының артында қаржылық қиындықтардан шығудың заңды жолын іздеген адамдар тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Қолданыстағы тетіктердің міндеті – адал азаматқа шамадан тыс қарыз жүктемесін еңсеруге көмектесу және сонымен бірге кредиторлардың заңды мүдделерін қорғау, – деп түйіндейді судья.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz