Францияда алдағы екі күнде жаңа премьер-министр тағайындалады. Бұл жайында отставкаға кеткен үкімет басшысы Себастьен Лекорню мен президент Эммануэль Макронның кездесуінен кейін белгілі болды. Мәселе бюджетті қабылдауға қатысты туындап отыр.
Президент Эммануэль Макрон бюджет тапшылығын шешу үшін отставкаға кеткен премьер-министр Себастьен Лекорнюге 48 сағаттық мерзім берген еді. Бұл уақыт ішінде Лекорню парламенттегі негізгі саяси күштермен келіссөздер жүргізді.
Жарты жылға созылған тартысқа қарамастан елдің басты қаржылық құжаты – бюджет 31 желтоқсанға дейін қабылдануы мүмкін. Францияда жыл басынан бері осымен үшінші рет үкімет басшысы қызметінен кетіп отыр.
Бұған дейінгі премьер Франсуа Байру да Лекорню сияқты, парламенттен нақты қолдау таба алмады. Сарапшылар бұл жағдайды Франциядағы бюджеттің ғана емес, сенім мен тұрақтылықтың да дағдарысы деп бағалап отыр.
Себастьен Лекорню, Франция премьер-министрінің міндетін атқарушысы:
- Қазір парламентті тығырыққа тіреп тұрған мәселе – зейнетақы реформасы. Менің ойымша, бұл келесі президенттік науқанның негізгі тақырыбына айналады. Кейбіреулер капитализация жүйесін қолдайды. Өзгелері балдық жүйені, тағы біреулері бұрынғы ережелерді қайтаруды ұсынады. Алайда мен Президентке бұл реформаны кейінге қалдырмай, қоғам алдында ашық пікірталас жүргізуіміз керектігін жеткіздім.
Зейнетақы реформасы Францияда екі жыл бұрын қабылданған. Ол бойынша зейнет жасын 62-ден 64-ке дейін көтеру көзделген. Реформаның негізгі мақсаты – бюджет шығынын азайту. Алайда кейбір депутаттар бұған қарсы шығып, тоқтатуды талап етіп отыр.
Дегенмен оның уақытша тоқтатылуының өзі ел бюджетіне 2027 жылға қарай 3 млрд еуро көлемінде шығын әкелуі мүмкін. Лекорнюдің отставкасына қарамастан, бюджет жобасы парламентке алдағы дүйсенбіде ұсынылады.
Сериль, заңгер, қала тұрғыны:
- Бұл – Франция үшін өте қиын жағдай. Парламенттегілер бір-бірімен мүлде келісе алмайды. Ешқандай ымыра жоқ. Президенттің әлі 18 айлық мандаты бар және ол отставкаға кетпеуі керек.
Александр, париж тұрғыны:
- Мұндай жағдай ұзақмерзімді өзгерістерді талап етеді. Алайда рас, бізде үкімет әр 45 минут сайын ауысып жатқандай әсер қалдырады. Бұл алға жылжуды қиындататын күрделі жағдай. Франция дамыған ел болғанымен әлеуметтік мәселелер шешімін таппай жатыр.
Елисей сарайы алдағы 48 сағат ішінде жаңа премьер-министрдің есім-сойы белгілі болатынын растады. Тағайындалған премьер қандай саяси күштің өкілі болады, бұл жолғы шешім елдегі дағдарысты шешіп, бюджетті қабылдауға сеп бола ала ма деген сұрақтар көптің көкейінде жауапсыз қалып отыр.
Авторлары: Нұрбике Жігер, Айдана Карибжанова, Руслан Омиржан
Тегтер #Франция #Эммануэль Макрон #саяси дағдарысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz