Қазақстан Ұлттық банкі «Ұлы оқиғалар мен адамдар» сериясынан «Altyn Orda» коллекциялық монетасын айналымға шығарады, деп хабарлайды «24KZ» сайты Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, коллекциялық монета мыңжылдық өркениетінің сабақтастығын айқындайды. Алтын Орда XIII–XV ғасырларда Еуразиядағы ең ірі мемлекеттердің бірі болып, өңірдің саяси, экономикалық және мәдени дамуына зор ықпал еткен. Сонымен қатар Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың дамуына және көпұлтты кеңістіктің қалыптасуына әсер еткен тарихи мемлекет саналады.
Алтынмен апталған, күмістен жасалған монета мың данамен жарық көреді.
Коллекциялық монета «proof» сапасымен дайындалған. Алтын жалатылған 925 сынамалы күмістен жасалған. Салмағы – 62,2 грамм, диаметрі – 50 мм, номиналы – 2000 теңге.
Монета Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық төлем түрлері бойынша өзінің атаулы құнына сәйкес қабылдануға міндетті. Сондай-ақ оны банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және барлық банктерде ұсақтауға болады.
Монета Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Ұлттық банк оның сатылымға шығатын күні туралы ақпарат кейінірек ресми сайтта жарияланатынын мәлімдеді.
Тегтер #Ұлттық банк #монета #Altyn Orda #24KZ #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz