Астанада екі деңгейлі жол салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Әкім орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда жоба бойынша эскиздік жұмыстар жүргізіліп, жерүсті және жерасты жолайрықтарының бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр. Алайда нақты шешім әлі қабылданбаған.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, екі деңгейлі жол ірі қалаларға, әсіресе астанаға қажет. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», – деді Ерсін Өтебаев.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолды Қабанбай батыр даңғылы бойында салу жоспарланып отыр. Жобаның нақты құны әзірге есептелмеген.
Әкімдік өкілінің сөзінше, Астанада жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың көптігіне байланысты құрылыс мерзімін нақты айту қиын. Сонымен қатар биыл жоба толық дайын болмайтыны белгілі болды.
«Жобаның нақты құны әлі есептелген жоқ. Нақты бір шешім мен түсінік қалыптасқан кезде қосымша хабарлаймыз. Мерзімін айту да қиын, себебі қала қарқынды өсіп келеді және жүзеге асырылуы тиіс жобалар өте көп. Жыл соңына дейін жоба дайын болмайды. Жоба, мүмкін, тек 2027 жылдың ортасында ғана дайын болуы ықтимал», – деді Ерсін Өтебаев.
Айта кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте LRT желісін кеңейту жоспарын және Қабанбай батыр даңғылы бойында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдаған еді.
Тегтер #Астана #инфрақұрылым #жоба #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz