RU
Толық нұсқаға өту

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі белгілі болды

18.05.2026, 15:44 170

Қазақстан мектептерінде бірінші сыныпқа құжат қабылдау 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі, деп хабарлайды «24KZ».

Тиісті бұйрыққа Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қол қойды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Жоба бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша мектепке қабылдау процесін қамтиды.

Биыл елімізде  1-сыныпқа қабылдау кезең-кезеңімен жүргізіледі,осыған сәйкес  нақты мерзімдер белгіленді.Өңірлер бойынша құжат қабылдау кестесі төмендегідей болады:

27 мамыр – 31 тамыз аралығы: Астана, Қызылорда облысы, Батыс Қазақстан облысы, Жетісу облысы және Абай облысы;
10 маусым – 31 тамыз аралығы: Алматы, Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Жамбыл облысы және Шығыс Қазақстан облысы;
18 маусым – 31 тамыз аралығы: Шымкент, Алматы облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы және Атырау облысы;
29 маусым – 31 тамыз аралығы: Түркістан облысы, Маңғыстау облысы, Қарағанды облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Ұлытау облысы.

Мектепалды даярлықтан өткен және оқуын сол білім ордасында жалғастырғысы келетін балалар ата-анасының өтініші негізінде бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімін өзгерту туралы шешім өткен жылдардағы тәжірибеге сүйене отырып қабылданған.

"Бұған дейін құжат 1 сәуірге дейін тапсырылатын. Алайда бұл кезде мектепте әлі сабақ жүріп жатады. Кей кезде мектеп басшылығы да, мұғалімдер де, IT саласының мамандары да өздері оқу процессімен қарбаласып жатқанда 1-сыныпқа құжат қабылдауды тиімді жүргізілмей қалғанын байқадық. Сондықтан осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін биыл біз 1-сыныпқа қабылдауды қайта қарадық", – деп жазды  министр әлеуметтік парақшасында. 

Сондай-ақ, баласын басқа мектепке ауыстырғысы келетін ата-аналар құжаттарды жалпы тәртіппен тапсыруы тиіс.

Министрлік мәліметінше, жаңа жүйе құжат қабылдау процесін жеңілдетіп, ата-аналар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz