Биыл балалардың жазғы демалыс орталықтарында жұмыс істейтін мамандардың сапалық құрамына мән беріліп, әрбір қызметкердің соттылығы тексеріледі, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство мәліметінше, елімізде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша 2024–2026 жылдарға арналған жоспар аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Өңірлік штабтардың қызметі үйлестіріліп, жоспарланған іс-шаралар толық орындалуда.
Биыл алғаш рет «Білім беру ұйымдарында балалардың сауықтырылуы мен демалысын ұйымдастыру қағидалары» бекітілді. №237 бұйрыққа сәйкес, жазғы маусым алдында сауықтыру орталықтарының дайындығын бірнеше мемлекеттік орган бірлесіп тексереді.
Тексеру жұмыстарына санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, төтенше жағдайлар органдары, полиция, әкімдік, білім басқармалары және тиісті мекемелер қатысады.
Сонымен қатар демалыс орталықтарында жұмыс істейтін мамандардың сапалық құрамына ерекше назар аударылған. Әрбір қызметкердің соттылығы міндетті түрде тексеріледі.
Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында Балдәурен және Бөбек базасында арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастырылған.
Жазғы демалыс маусымын өткізуге 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен волонтер тартылады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету үшін кері байланыс және жедел көмек көрсету тетіктері де күшейтілген. Сонымен қатар, «111» байланыс орталығы жазғы кезеңде күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.Барлық білім беру ұйымдарында балалардың тікелей көмек сұрауына арналған QR-кодтар орналастырылады.
Тегтер #жазғы лагерь #балалар #қауіпсіз демалыс #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz