RU
Толық нұсқаға өту

Фото: gov.kz

Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына $16,4 млрд бөлінеді: жобаны Ресей қаржыландырады

29.05.2026, 10:13 70

Қазақстандағы алғашқы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысына 16,4 млрд доллар жұмсалады. Жобаның негізгі бөлігі Ресейдің экспорттық несиесі есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ»  Интерфакс-Қазақстанға  сілтеме жасап.

Оның айтуынша, аталған сома екі энергоблоктың тікелей құрылысына бағытталады. Сонымен қатар шамамен 2 млрд доллар физикалық қауіпсіздік жүйелері мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бөлінеді.

«Қаражаттың негізгі бөлігі — шамамен 14,4 млрд доллар — энергия блоктарын салуға бағытталады. Тағы шамамен 2 млрд доллар инфрақұрылымға, қауіпсіздік жүйелеріне және кепілдік кезеңіндегі отынға жұмсалады. Жобаның жалпы құны шамамен 16,4 млрд долларды құрайды», - деді агенттік төрағасы.

Жоба негізінен Ресейдің экспорттық несиесі арқылы қаржыландырылады. «Росатом» басшысы Алексей Лихачевтің сөзінше, шығынның басым бөлігін Ресей тарапы жабады, алайда белгілі бір бөлігі Қазақстанның мойнында қалады.

Қазіргі жоспар бойынша АЭС құрылысының белсенді кезеңі 2027 жылы басталады. Келесі жылдан бастап құрылыс-монтаж базасын дайындау және лицензия алу үшін техникалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары қолға алынбақ. Станцияны 2030-жылдардың ортасында іске қосу жоспарланып отыр. Екі энергоблок кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.

«Росатом» Қазақстандағы АЭС жобасын жүзеге асыратын халықаралық консорциумның жетекшісі болып анықталған. Сонымен қатар жобаға Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компаниялары да тартылуы мүмкін.

Алғашқы атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен ауылында салынады. Жобаның ресми атауы – «Балқаш». Бұған дейін Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы мен оны қаржыландыруға қатысты үкіметаралық келісімдерге қол қойған болатын.

Сондай-ақ Қазақстанда екінші АЭС салу жоспары да бар. Ол Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасады және алдын ала «Мойынқұм» атауы берілген. 

Президент бекіткен атом саласын дамыту стратегиясына сәйкес, 2050 жылға қарай елде кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істеуі тиіс.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz