Қазақстанда банктердің жұмысы мен ақша аударымдарын бақылау ережелері қатаңдатылып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі екінші деңгейлі банктерге арналған жаңа талаптарды бекітті. Тиісті қаулы жобасы реттеуші орган тарапынан жарияланды, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда банктер мен ақша аударымдарын бақылау күшейтілді. Жаңа ережелер бойынша күмәнді операциялардың алдын алу мақсатында кейбір клиенттер қосымша тексеріледі.
Егер бір адамның бір банкте 5-тен көп немесе әртүрлі банктерде 10-нан көп картасы болса, ол автоматты түрде жоғары тәуекел тобына енгізіледі. Мұндай жағдайда банк ақша қайдан келгенін сұрап, қажет болса шотты уақытша бұғаттай алады.
14 пен 25 жас аралығындағы жастар да ерекше бақылауда болады, себебі олардың карталарын алаяқтар жиі пайдаланады.
Сонымен қатар, заңсыз интернет-казино мен шетелдік букмекерлік сайттарға ақша аударуға тыйым салынады. 21 жасқа толмағандар букмекерлік кеңселерге ақша сала алмайды.
7 миллион теңгеден асатын аударымдар міндетті түрде тексеріліп, ақша көзін растайтын құжат сұралады. Ал криптовалюта тек ресми рұқсат етілген платформалар арқылы ғана қолданылады.
Жаңа ережелер алаяқтықты азайтып, қаржы айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Тегтер #банк карталары #Қаржы мониторингі агенттігі #бақылау #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz