Мұнай өнімдерін жалған құжатпен шығарып отырған топ ұсталып, қылмыстық схема әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен АИ-92 маркалы бензинді Қырғыз Республикасына заңсыз тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды «24KZ».
Қылмыстық топ құрамында 9 адам болған. Заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін олар мұнай өнімдерін сатып алу, құжаттық рәсімдеу және экспорттау мақсатында 12 заңды тұлғаны тіреген.
Бензиннің шығу тегін заңдастыру және оны сыртқа шығару үшін күдіктілер «Қара Май ОйЛ» ЖШС мен «Petro Bazis» ЖШС шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған.
Ресми түрде бұл кәсіпорындар АИ-92 бензинін жеңіл дистиллятпен немесе еріткішпен араластыру (компаундтау) қызметін көрсеткен. Алайда іс жүзінде олардың қызметі бензинді технологиялық өңдеусіз теміржол цистерналарына құюмен ғана шектелген.
Кейін жалған құжаттар рәсімделіп, олардың негізінде бензин ароматты көмірсутектер қоспасы, еріткіштер немесе жеңіл көмірсутектер қоспасы ретінде декларацияланған.Осының нәтижесінде автомобиль бензині мұнай-химия өнімдері ретінде көрсетіліп, заңсыз түрде Қырғыз Республикасына шығарылған. Бұл әрекеттер елдің ішкі нарығында мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалған кезеңде де жалғасқан.
Заңсыз экспортталған бензиннің жалпы көлемі 190 мың тоннадан асқан, ал қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 млрд теңгеден көп болған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «Түрксіб» станциясында Қырғыз Республикасына жөнелтіліп жатқан шамамен 500 тонна заңсыз бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды.
Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне өткізілді.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Тегтер #Мұнай өнімдері #жалған құжат #қылмыстық схема #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz