RU
Толық нұсқаға өту

Фото: depositphotos.com

Шымкент базарында сатылған 11 мың жұмыртқа неге жойылды?

05.06.2026, 09:34 40

Шымкентте Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқаларының үлкен көлемін сатпақ болған жағдай белгілі болды, деп хабарлайды «24KZ». 

Жұмыртқалардың заңсыз сатылып жатқаны мемлекеттік органдар мен Қазақстан құс өсірушілер одағының бірлескен тексеруі барысында  анықталды.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары «Жібек жолы» базарында жүргізілген тексеру кезінде міндетті таңбалауы жоқ әрі ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз сатылымға шығарылған жұмыртқаларды анықтады. Тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 11 850 дананы құрады.

Зертханалық сараптама нәтижелері жұмыртқалардың қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтінін көрсетті. Осыған байланысты өнімнің барлық партиясы арнайы құрылған комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіп бойынша жойылды.

Заң бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, тексеру материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.

Қазақстан құс өсірушілер одағының мәліметінше, жұмыртқа өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмыстар мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғасуда. Анықталған құқықбұзушылықтар туралы ақпарат Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Сауда және интеграция министрлігіне, Мемлекеттік кірістер комитетіне және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі.

Мамандардың айтуынша, қолданыстағы шектеу шараларына қарамастан, еліміздің бірқатар өңірінде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды сату деректері әлі де тіркеліп отыр. Осыған байланысты республика аумағындағы базарлар мен сауда орындарында жүйелі тексерулер жалғасады.

Еске салайық, 2026 жылғы 17 сәуірден бастап Ауыл шаруашылығы министрінің №146 бұйрығына сәйкес тағамдық тауық жұмыртқаларын Қазақстан аумағына әкелуге уақытша тыйым салынған. Бұл шара көлеңкелі импорттың жолын кесуге, демпингтік сауданың алдын алуға және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай шектеулер отандық құс фабрикаларын қолдауға, әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға және тұтынушылар үшін бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz