Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйеніп, тұрғындарға ауа райының күрт нашарлауына байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды «24KZ».
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 9 маусым күні елордада кей уақыттарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз шаңды дауыл көтеріліп, бұршақ жаууы мүмкін.
Болжамға сәйкес, оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батыс бағытқа ауысып, екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Кей уақытта желдің жылдамдығы 23 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Мамандар қала аумағында жоғары өрт қаупі сақталатынын да ескертті.
Жалпы, баяу жылжитын батыс циклоны Қазақстан аумағының басым бөлігіне әсерін сақтап отыр. Осыған байланысты алдағы күндері еліміздің көптеген өңірінде құбылмалы ауа райы күтіледі. Кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, екпінді жел соғады.
Сонымен қатар бұршақ түсуі мүмкін.
Қазгидромет болжамынша, қатты жаңбыр:
9-11 маусым аралығында республиканың солтүстік-батысы мен солтүстігінде;
11 маусым күні оңтүстік-шығыс өңірлерде күтіледі.
Кезеңнің басында еліміздің шығыс өңірлерінде, ал кезеңнің ортасынан бастап оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы басым болады.
Алдағы күндерге арналған ауа температурасының болжамы:
Батыс өңірлерде ауа температурасы +27...+35°C дейін көтеріледі;
Солтүстік өңірлерде +17...+28°C дейін төмендейді;
Солтүстік-шығыс пен орталықта аптап ыстық бәсеңдеп, +25...+33°C шамасында болады;
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде +27...+35°C аралығында сақталады;
Шығыс Қазақстанда ыстық ауа райы жалғасып, ауа температурасы +32...+39°C дейін жетеді.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, дауылды ауа райы кезінде ағаштар мен әлсіз құрылымдардың маңында тұрмауға шақырды.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz