Астанада LRT мен AstanaBike жүйесін біріктіру жоспарланып отыр. Болашақта жеңіл рельсті көлікпен келген жолаушылар сапарын электр велосипедтерімен жалғастыра алады, деп хабарлайды «24KZ».
Жоба аясында тұрғындар қажетті стансаға дейін LRT арқылы жетіп, кейін QR-код көмегімен электр велосипедін жалға алып, жолын жалғастырады.
Бастаманы City Transportation Systems (CTS) компаниясы жүзеге асырады. Ал жобаны қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» қоры мен Samruk-Kazyna Trust қолдау көрсетеді.
LRT мен велопрокатты біріктіру қалалық көлік жүйесін дамыту бағдарламасының бір бөлігі саналады. Оның негізгі мақсаты – жолаушылардың қоғамдық көліктен түскеннен кейінгі қозғалысын ыңғайлы ету.
Жаңа жүйені 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Ол үшін елордаға 1300 электр велосипеді сатып алынып, қала аумағында 195 велостанция орнатылады.
Техникалық талаптарға сәйкес, электр велосипедтері сағатына 25 шақырымға дейін жылдамдықпен қозғалып, бір рет қуатталған кезде кемінде 50 шақырым жол жүре алады. Сонымен қатар олар GPS жүйесімен жабдықталып, бірыңғай цифрлық прокат платформасына қосылады.
Қала әкімдігі бұл жоба қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың қала ішінде ыңғайлы қатынауына мүмкіндік береді деп есептейді.
Тегтер #LRT желісі #AstanaBike #CTS #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz