Солтүстік Қазақстандағы көне қалашық Ақ-Ирийде жүргізілген зерттеу нәтижесінде ғалымдар алып өндірістік кешеннің ізін анықтады. 17 күнге созылған қазба жұмыстары барысында Алтын Орда дәуіріне қатысты маңызды жаңалықтар табылды, деп хабарлайды «24KZ».
Археологиялық қазба жұмыстрын Қозыбаев университетінің ғалымдары мен студенттері жүргізген. Зерттеулер орта ғасырда Солтүстік Қазақстан аумағында сауда мен өндірістің жақсы дамығанын көрсетті.
Биылғы қазба жұмыстары кезінде археологтар металл балқытуға арналған пештердің қалдықтарын тапты.
Қазба барысында күйдірілген кірпіш сынықтары, металл өңдеудің іздері, жануарлардың қаңқалары мен балық сүйектері табылды. Мамандардың пікірінше,бұл жер кезінде өндіріс пен азық-түлік дайындаудың маңызды орталығы болған.
Бұл сол дәуірде металл өңдеу ісі жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар ғалымдар ет дайындауға және сақтауға пайдаланылған ірі құрылыстарды анықтады.
Солтүстік Қазақстанның белгілі археологы, профессоры Анатолий Плешаков бірегей ескерткішті 1968 жылы ашқан.
Профессор Анатолий Плешаков табылған ірі құрылыстардың ет ыстауға арналғанын айтты. Оның болжамынша, бұл нысандар үлкен әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылған және өзіндік ортағасырлық «ет комбинаты» қызметін атқарған.
«Алғашқы болжамдарымыз бойынша бұл аумақтағы алғашқы қоныс ерте темір дәуіріне жатады. Кейін бұл жер Алтын Орда дәуірінде қайта игерілген. Біз темір балқытуға арналған ерекше пештерді анықтадық. Әзірге олардың үшеуі ғана зерттелді. Сонымен қатар өзен жағалауынан өте ірі құрылыстарды таптық. Зерттеу нәтижесінде олардың ет ыстауға арналған нысандар екені анықталды. Осындай ауқымды құрылыстарды Еуразия кеңістігі бойынша ғылыми еңбектерден де, халықаралық конференциялар материалдарынан да кездестірген емеспін. Болжам бойынша мұнда үлкен әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ет дайындалған. Яғни бұл өзіндік ортағасырлық «ет комбинаты» болған», - деді профессор Анатолий Плешаков.
Зерттеу барысында табылған сүйек пен көмір үлгілеріне радиокөміртектік сараптама жасалып, қалашықтың Алтын Орда кезеңіне жататыны расталды. Сараптама Vilnius қаласындағы зертханада жүргізілген.
Бүгінде ғалымдар Ақ-Ирий аумағында тарихи-туристік кластер мен ашық аспан астындағы музей құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Айта кетейік, Ақ-Ирий қалашығы Солтүстік Қазақстанның киелі нысандары тізіміне енгізілген.
Тегтер #СҚО #АқИрий #археология #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz