Қырғызстан билігі Қазақстанға Тоқмақ қаласы маңындағы жер учаскесін өзара тең көлемде алмастыру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Асхат Алагөзов Facebook парағында «Бауырлас Қазақстан тарапына Тоқмақ қаласы ауданында 800 метрлік жер учаскесін теңдей алмастыру туралы ұсыныс жасалды», – деп жазды.
Оның айтуынша, ұсыныс мақұлданып, жоба жүзеге асқан жағдайда Алматы көшесінен Кемин қаласына дейін созылатын шамамен 150 шақырымдық ақылы автомагистраль салуға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ, ол бұл мәселені саяси пікірталас пен алыпқашпа әңгімеге айналдырмауға шақырды.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапының бұл ұсынысқа қатысты ұстанымы, нақты қандай аумақты беруі мүмкін екені ресми түрде жарияланған жоқ.
Мәліметтерге сәйкес, Бішкектен Ыстықкөлге бағыт алған көліктер Тоқмақ қаласы маңында Қазақстан аумағының шамамен 800 метрлік бөлігін кесіп өтеді. Аталған учаскеде шекаралық бақылау бекеті жоқ, алайда жолдың екі жағы қоршаумен жабдықталған.
Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараны демаркациялау жұмыстары туралы да ақпарат берді.
Оның мәліметінше, бұрын Өзбекстан құрамында болған Чоңгара және Таш-Төбе ауылдары Қырғызстан құрамына өткен. Бұл елді мекендерде шамамен 2500 адам тұрады және олардың басым бөлігі этникалық қырғыздар.
Қазір аталған ауыл тұрғындарын тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейін оларға Қырғыз Республикасының азаматтығы беріледі.
Сонымен қатар, екі мемлекет Сай ауылынан Таяун ауылына дейін жаңа автожол салу мақсатында жалпы көлемі 236 гектар жер учаскесін өзара алмастырған.
Тегтер #Қырғызстан #Қазақстан #жер алмасу #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz