Қазақстанда 7-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақ кезінде смартфондарын тапсыруға міндетті болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрдің айтуынша, бұл шешім оқушылардың сабаққа толық назар аударуын қамтамасыз ету және оқу процесін тиімді ету мақсатында қарастырылып отыр.
«7-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақ кезінде смартфондарын тапсыруға тиіс болады», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ал жоғары сынып оқушыларына қатысты шектеулер әзірге талқылану үстінде. Себебі олар оқу барысында онлайн платформаларды белсенді қолданады және ҰБТ, SAT сияқты емтихандарға дайындық жүргізеді.
Бұған дейін мектептерде ұялы телефондарды пайдалану мәселесі педагог мәртебесі мен білім туралы заңдарға енгізілетін түзетулер аясында қарастырылып жатқаны айтылған болатын.
Жаңа тәртіпке сәйкес, егер оқушы сабақ кезінде телефон қолдану ережесін бұзса, алдымен ескерту беріледі. Қайталанған жағдайда жауапкершілік ата-анасына жүктелуі мүмкін. Бұл ретте 5 АЕК көлемінде, яғни шамамен 19,5 мың теңге айыппұл салу қарастырылып отыр.
Айыппұлды мектеп әкімшілігінің шақыртуымен келген полиция қызметкері рәсімдей алатыны да айтылды. Мамандардың пікірінше, бұл шара мектептегі тәртіпті күшейтіп, оқу үдерісін жақсартуға бағытталған.
Тегтер #телефон #мектепте тиым #7 сынып #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz