RU
Толық нұсқаға өту

Фото: Pixelshot

Нотариустарға жаңа талап: жауапкершілік күшейіп, басшылардың өкілеті шектеледі

29.06.2026, 15:31 43

Сенат нотариаттық қызмет пен заң көмегіне қатысты заңға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады. Жаңа түзетулерге сәйкес, нотариустардың жұмысына бақылау күшейтіліп, жауапкершілігі артады деп хабарлайды «24KZ».

Енді атқарушылық жазба жасау туралы өтініштер нотариустар арасында автоматты түрде бөлінеді. Бұл жүйе жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, жемқорлық пен алдын ала келісу тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Сондай-ақ мұндай жазбалар борышкердің тіркелген жеріндегі нотариус арқылы ғана рәсімделеді.

Негізгі өзгерістер мыналар:

Нотариустардың қызметіне бақылау күшейеді.

Атқарушылық жазба (қарызды сотқа жеткізбей өндіріп алу құжаты) жасау туралы өтініштер енді нотариустарға автоматты түрде бөлінеді. Яғни азамат өзі қалаған нотариусты таңдай алмайды. Бұл әділдікті қамтамасыз етіп, сөз байласудың алдын алу үшін енгізіліп отыр.

Атқарушылық жазба борышкердің тіркелген жері бойынша ғана рәсімделеді.

Заң бұзған нотариустардың лицензиясын тоқтату немесе қайтарып алу жеңілдейді. Яғни олардың жауапкершілігі күшейеді.

Барлық нотариаттық құжаттар бірыңғай электрондық архивте сақталады.

Нотариустарға жақын туыстары басқаратын немесе иелік ететін компанияларға қатысты құжаттарды рәсімдеуге тыйым салынады.

Яғни бұл өзгерістердің басты мақсаты – жемқорлықтың алдын алу, нотариустардың жұмысын ашық ету және азаматтардың құқықтарын қорғау.

Сондай-ақ, сенатор Советбек Медебаев, мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегінің аясы кеңейетінін айтты. 

«Нотариат палаталарының басшылары бір қызметте ұзақ отырмайды. Енді республикалық және өңірлік нотариат палаталарының төрағалары, сондай-ақ тәртіптік комиссиялардың төрағалары мен мүшелері 4 жылға сайланады және тек бір рет қана қайта сайлана алады. Сондай-ақ, тегін заң көмегі кеңейеді. Енді мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында адвокаттар мен заң консультанттары азаматтарды Конституциялық соттағы істерде де қорғай алады», деді ол.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz