Алматы облысында 29 отбасы қоныс тойын тойлады. Пәтер кілті көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілді. Түзусай ауылында өткен салтанатты рәсімге өңір басшысы Шыңғыс Әрінов қатысып, тұрғындарға пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды 24KZ.
Он жылдан бері баспана кезегінде тұрып, үйге қол жеткізген жандардың бірі – Зиягүл Ержанова. Облыс басшысы ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған 47 жастағы анаға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Зиягүл Ержанова, Түзусай ауылының тұрғыны:
– Осынша жасқа келіп, алғаш рет өз үйім болып жатыр. Осындай баламен отырғанда бізге осындай жақсы жағдай жасап жатыр. Жұмыс істемейміз, бір зейнетақыға қарап отырамыз. Осының өзі бізге үлкен көмек.
Талғар ауданы бойынша 7500 азамат баспана кезегінде тұр. Соңғы екі жылда мұнда 459 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді. Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі:
– Алматы облысында халық саны жылдан жылға өсіп келеді. Бұл өңіріміздің дамып, елдің тұрмыс-тіршілігіне қолайлы аймаққа айналып келе жатқанының бір көрінісі. Баспана кез келген отбасы үшін үлкен қуаныш. Бүгін табысталған кілттер – әр отбасы үшін көптен күткен арманның орындалуы. Адамның өз үйі болғанда, ертеңіне деген сенімі де арта түседі.
Облыс бойынша биыл азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатына 52,3 млрд теңге бөлінді. Оған 2533 пәтер сатып алынады. Бұл жұмыстар өңірдегі барлық аудан мен Қонаев қаласын қамтыды. Бөлінген қаржының басым бөлігі жалға берілетін және несиелік тұрғын үй сатып алуға бағытталды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Алматы облысы #отбасы #пәтер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz