Ветеринарлар жалақысы екі есе өседі. Бүгін Құрылтайда мал дәрігерлерінің мәртебесін көтеруді көздейтін заң жобасы қаралды. Қазір ветеринария мамандарының орташа айлығы 220 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа заң қабылданса, оның мөлшері 420 мың теңгеге дейін көтеріледі. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына екі айлық мөлшеріндегі сауықтыру жәрдемақысы қосылады. Жаңа құжатта ветеринария саласындағы ғылым кандидатына 17 айлық есептік көрсеткіш, ал ғылым докторына – 34 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы төлеу қарастырылған.
Ауылдық жерлерде жұмыс көп, бірақ кадр тапшы. Әсіресе жауапкершілігімен қоса, жүктемесі ауыр мал дәрігерлері жетіспейді. Осы себепті жаңа заң ветеринарларға арналған әлеуметтік және кәсіби қолдауды күшейтуді көздеп отыр. Бұдан бөлек, мал дәрігерлерінің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, есепке алу, біліктілігін арттыру мақсатында арнайы ветеринариялық палата құрылмақ. Алғашқы оқылымға шығарылған заң жобасының басты мақсаты – цифрландыру арқылы мамандарының жұмысын жеңілдету. Сонымен бірге мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына серпін беру. Ол үшін өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қолға алынған. Осы ретте шаруаларға қойылатын талап та қатая түседі.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Тиісті ветеринариялық іс-шараларды уақытылы жүргізу, тиісті есептілікті жүргізу, тиісті мал шаруашлығы мамандарын келісім шарт негізінде жұмысқа тарту, мал қозғалысына, тиісті қорымдары туралы ақпаратты уақылы жеткізу, мал сою сияқты басқа-басқа іс-шараларды уақытылы жүзеге асырып отыру – осы сияқты жауапкершілікті енгізіп отыр.
Азия Даму банкінен ₸227,4 млрд қарыз тартылады
Бүгінгі Құрылтай отырысында «Қазақстан мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау жөнінде» заң қабылданды. Осы құжат аясында елге 227 млрд 400 млн теңге көлемінде қарыз тартылмақ. Бүгінде мемлекеттік қазынаға түсетін кіріс 19 трлн теңгеге жеткен, ал шығыстар 30 трлн-ға жетіп қалды. Азия Даму банкінен тартылатын қаржы бюджет тапшылығын қысқартуға бағытталмақ.
Мәди Тәкиев – ҚР Қаржы министрі:
- Сол шығыстарды жабу үшін өзіміздің кірістеріміз бар, сосын ұлттық қор бар. Содан кейін мына тапшылықты жабу үшін қарыз алып отырмыз. Жалпы бюджет тапшылығы бүгін 2,5 пайыз құраса, келесі жылы – 2,5, 2029 жылға біз 0,4 пайызға қарастырып отырмыз, жоспарлап отырмыз. Кірісіміз өссе тапшылығымыз азаяды. Біз азырақ қарыз аламыз.
Қарызға алынатын қаржы ең алдымен елдің денсаулық сақтау, білім беру, көлік инфрақұрылымы мен өнеркәсіп салаларына жұмсалады. Қаржы министрінің айтуынша, бюджет шығысын шеттен қарыз алу арқылы жабу – халықаралық тәжірибе. Құрылтайдың күн тәртібіндегі кезекті мәселе – цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында атқарылған жұмыстарды пысықтау.
Экономиканың цифрлық трансформациясына арналған тыңдау өтеді
Бақыт Топтаева, тілші:
- 11 желтоқсанда экономиканың нақты секторының цифрлық трансформациясына арналған тыңдау өтеді. Осы мақсатта бүгін Құрылтайда арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына барлық тұрақты комитет пен саяси фракциялардың 19 депутаты енді. Келесі айға жоспарланған тыңдауда комиссия өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және ауыл шаруашылығын цифрландырудың қазіргі жай-күйі мен қордаланған мәселелердің шешімдерін талқылайды.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Санжар Біргебаев
Тегтер #24KZ #жолдау 2026 #ветеринар #жалақы #Құрылтай отырысы #заң жобасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz