Орал өңірінде биыл ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 281 млрд теңгеден асып, өсім 5,4% құраған. Кейінгі 5 жылда су үнемдеу технологиясы қолданылған алқаптар аумағы 5 есе артқан, деп хабарлайды 24KZ.
Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция жыл басынан бері 540 млрд теңгеге жетті. Алдағы мақсат – осы жетістікті еселеу. Бүгін Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланған келелі кеңесте келешек міндеттер сараланды.
Ауыл шаруашылығы саласына биыл 35 млрд теңгенің көмегі көрсетілген, 65 млрд теңгенің кредит ресурстары тартылған. Мемлекет қолдауы нәтижесіз емес. Егін өнімділігі рекордтық деңгейге жетіп, диқандар 600 мың тоннадай астық бастырыпты. Цифрлық технологиялар мен жасанды зерде ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылуда.
Жасұлан Халиуллин, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында ауылшаруашылық саласына нақты міндеттер қойып, тапсырмалар берді. Оның ішінде инвестицияға келер болсақ, биылғы жылдың 9 айының өзінде ауыл шаруашылығы саласына 42 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артып отыр.
Құрылыс саласына келсек, Орал өңірінде биыл 645 мың шаршы метр тұрғын үйді салып тапсыру көзделген. 4 медициналық нысанның құрылысы басталыпты. Келер жылы 550 орындық облыстық көпбейінді аурухананың, перинатальды орталықтың және тағы 6 емдеу мекемесінің құрылысы басталады. 6 мектеп, 2 спорт кешенін салу да жоспарда. Бүгінгі облыс активінің отырысында Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар өте ауқымды. Біз сол қарқыннан түсіп қалмауымыз керек. Алдымызда, тағы да қайталап айтамын, үлкен ауқымды жұмыстар тұр. Біз осы міндеттерді абыроймен атқарып шықсақ, өңіріміздің және жалпы экономиканың одан әрі дамуына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ең басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттыру.
Кеңес қорытындысында Жолдауды жүзеге асыру аясында әрбір басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, БҚО.
Тегтер #24KZ #жарнама #Орал #жолдау 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz