RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында жеті жылда 16 мектеп салынды

21.11.2026, 16:30 17

Қарағанды облысында кейінгі жеті жылда білім беру саласында 26 нысан пайдалануға берілді. Қолданыстағы оқу орындары күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды, деп хабарлайды 24KZ.

Солардың бірі – Қарағанды қаласындағы №5 қосымша білім беру мектеп-орталығы. Білім ордасында мұғалімдер мен оқушыларға қолайлы жағдай жасалды.

№5 қосымша білім беру мектеп-орталығына 40 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы ауданы 8 мың шаршы метр ғимаратқа ауқымды жаңғырту жұмысы осыдан үш жыл бұрын басталды.

Торғын Нұрмағамбетова, №5 қосымша білім беру мектеп-орталығының директоры:

– Реновация бағдарламасы аясында мектебімізде үш жыл қатарынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірінші жылы мектептің терезелері ауыстырылып, жылу жүйесі жаңартылды. Екінші жылы ғимараттың қасбеті толық жөнделді. Ал 2026 жылы мектептің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар реновация бағдарламасы аясында оқу үдерісіне қажетті материалдық-техникалық базамыз нығайтылды.

Бүгінде білім ошағының іші толықтай жаңарды. Оқу кабинеттері, спорт және мәжіліс залдары заманауи үлгіде жабдықталды. Сонымен қатар кітапхана, қосымша білім беру орталығы мен түрлі үйірмеге арналған арнайы кабинеттер бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сенсорлық және инклюзияны қолдау кабинеттері де ашылды. Мектепте 1300 бала білім алады.

Даяна Сүлеймен, №5 қосымша білім беру мектеп-орталығының оқушысы:

– Осы мектепте бұрыннан бері оқимын. Биыл 1 қыркүйекте мектепке келгенде, оны бірден тани алмадық. Мектепте көптеген жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Интерактивті кабинеттер ашылып, акт залымыз бен спорт залымыздың мүмкіндіктері кеңейді.

Өңірде соңғы жеті жылда білім беру саласының инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарып, 26 жаңа нысан пайдалануға берілсе, 16-сы мектеп. Сондай-ақ 1500-ден астам білім беру ұйымының ғимаратында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде облыс мектептерінің 93 пайызында физика, химия, биология, технология пәндері мен STEM кабинеттері заманауи талаптарға сай жабдықталған. Сонымен қатар жылу жүйелері мен қазандықтары жаңартылған.

Құндыз Мұхамеджан, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

– 2020-2026 жылдары облыста жалпы сыйымдылығы 14 мыңнан астам оқушы орнын құрайтын 26 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 16 мектеп салынды. Соның 10-ы – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.

Еліміздің барлық өңірінде білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 22 мың 700 оқушыға арналған 49 жаңа мектеп ашылды. Білім беру жүйесін жаңғыртуда «Келешек мектептері» ұлттық жобасының да маңызы зор. Жоба аясында жаңа үлгідегі 217 оқу ғимараты салынды. Бұл білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтып, оқушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz