Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Түрік ғалымдары Қазақстанда қолға алынған саяси-экономикалық реформаларға осындай баға берді, деп хабарлайды 24KZ.
Анкарадағы Қажы Байрам Вели университетінде өткен студенттермен кездесуде Қазақстанның даму бағдары, жаңғыру үдерісі және екі екіжақты ынтымақтастық талқыланды. Жиында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың қалыптасуы мен даму жолына тоқталып, кейінгі жылдары стратегиялық әріптестіктің қарқынды дами түскенін атап өтті. Ал түрік ғалымдары Жолдауда белгіленген цифрландыру, жасанды интеллект, халықтың әл-ауқатын арттыру бастамаларына ерекше назар аударды.
Насруллах Узман, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің профессоры, тарихшы:
– Тарихшы ретінде мені ерекше қызықтырғаны – цифрландыруға басымдық берілуі. Бұл Қазақстанның технологиялық әлеуеті мен даму мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе үшінші суперкомпьютерді іске қосу бастамасы елдің осы саладағы мүмкіндігін айқындай түседі. Бұл Түркия үшін де маңызды. Өйткені біздің елде де Қазақстанмен қатар цифрлық технологияны дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жемиле Кынажы-Баран, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің профессоры:
– Жолдауда құрылыс, логистика, экономика, жасанды интеллект және әлеуметтік саясат секілді маңызды бағыттар қамтылған. Әсіресе аурухана мен мектептер салу, көлік инфрақұрылымын дамыту, мұғалімдер мен дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелеріне басымдық берілуі құптарлық. Меніңше, бұл Жолдаудың басты ерекшелігі – Қазақстанның енді нақты іске көшу кезеңіне қадам басуы. 2027 жылға белгіленген міндеттер елдің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Тегтер #Президент Жолдауы #жолдау 2026 #Қасым–Жомарт Тоқаев #Анкара #ТүркияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz