RU
Толық нұсқаға өту

Ақмолалық оқушылар орман өртін ерте анықтайтын құрылғы ойлап тапты

21.04.2026, 08:46 62

Жас өнертапқыштардың тың жобасы тілсіз жаудың ауқымы мен таралуын да анықтай алады.

Басты артықшылығы – жеңіл, әрі жедел жұмыс істейді. Балалардың бірегей жобасы республикалық байқауда үздік шықты. 

Жаңа құрылғының авторлары Көкшетаудағы зияткерлік мектепте білім алады. Оқушылар бірегей жобасында жасанды интеллектінің элементтерін кеңінен пайдаланған.

Ескендір Ерікұлы, оқушы:

- Бұл модуль орманда ілініп тұрады. Өрттің алғашқы белгілері шыққан кезде құрылғы арқылы орталыққа жедел ақпарат келеді. Бастапқыда ақпаратты мобильді желілер арқылы жеткізетіндей істегеміз келген. Бірақ кейбір орман алқаптарында байланыс болмайтынын ескеріп, осындай антенналар арқылы радиожелімен жіберетіндей жасадық. 

Әзірге оқушылар құрылғының қарапайым түрін құрастырған. Кейін оны жетілдіруді көздейді. Осы уақытқа дейін тың жобаларымен түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Тіпті «Таза Қазақстан» экологиялық шарасында Мемлекет басшысы да бірегей жобаға ерекше қызығушылық танытқан.

Арнұр Ілиясов, оқушы: 

- Мен осы жобаны Мемлекет басшысының алдында таныстырдым. Ол кісі жоғары бағасын берді. Ендігі жоспарымыз - жасанды интеллектінің басқа да мүмкіндіктерін тереңірек пайдаланып, құрылғымызды одан әрі дамыту. Осы арқылы біз тек өрттің алдын алып қоймай, экологиялық ортаны жақсартқымыз келеді. 

Қазір оқушылар жұмыстарына авторлық патент алды. Енді тез арада қолданысқа енгізуді көздейді.

Ерсайын Қойшыбаев, ТЖД ресми өкілі:

- Балалардың жасаған құрылғыларын көріп, таныстық. Әрине жетілдіріп, іске қосса бұл бізге көмек болар еді. Қазір өртті ерте анықтайтын осыған ұқсас құрылғылар үш ауданда жұмыс істеп отыр. Оның көмегімен құтқарушылар тілсіз жауды дер кезінде анықтап, оқшаулауға мүмкіндік алды.

Жалпы өңірде жыл басынан бері 35 дала өрті тіркелді. Қызыл жалын 48 гектар алқапты шарпыған. Қазір аймақта орман алқаптарын бақылап, қадағалау жұмыстары күшейтілді. 

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz