Жасанды интеллект арқылы Қазақстан шекарасынан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады.
Елде көлік-логистика саласын цифрландыру аясында тың бастамалар қолға алынып жатыр. Жаңа технологияға негізделген жобаның жай-күйі бүгін үкімет отырысында баяндалды. Жиында экономиканы цифрландыру тетіктері талқыланды.
Жасанды интеллекті қазір қай салада болсын жарыса енгізіп, ұтымды пайдалануға ұмтылып жатқандар көп. Экономиканың барлық саласына цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарының қарқыны қатты. Мемлекет пен ел өміріне өзгеріс әкелген жаңашылдықты Жасұлан Мәдиев жариялады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің мәліметінше, сандық трансформация карталары енгізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілген. Атап айтқанда, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да бағыттар бар. Қараша үшін қолжетімді саналған нейрожүйелерге қазірдің өзінде сұраныс айтарлықтай өскен. Көлік саласында да іс ілгерілеген. Мәселен, алдағы уақытта Smart Cargo цифрлық платформасының арқасында Қазақстанда шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады. QR кодтары арқылы жүйе жүк деректеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді, құжаттарды автоматты түрде тексереді, маршруттар құрады және қажетті рұқсаттаманы анықтайды.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
- Смарт Карго мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін біріктіретін цифрлық платформа. Жүк туралы барлық мәліметтер КЮАР код арқылы қолжетімді. ЖИ құжаттарды автоматты түрде тексереді.
Отын-энергетика кешеніне де жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 45 жобадан тұратын портфель жасақталған. Оның 10-ы сараптама сатысында. 27-сі әзірлену үстінде. Саладағы салмақты істерді Ерлан Ақкенженов ақтарыла баяндады. Энергетика министрінің мәліметінше, жылу желілерінің жағдайын диагностикалау үшін жасанды интеллектті қолданылады. Бұл акустикалық резонансқа негізделген құбыр ішін толық тексеріп, қуатын анықтайтын роботтандырылған кешен болмақ.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Осы бағытта Астана хаб президенттері мен ЖИ шешімдерін бірлесіп, сынақтан өткізу және енгізу бойынша меморандум жасалды. Бүгінгі таңда 45 жоба енгізу...
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Халық тарапынан цифрлық қызметтерге деген сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді. 2025 жылы eGov Mobile қосымшасы арқылы 54 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Елестетіп көріңізші, егер осының бәрі электронды түрде көрсетілмегенде, қазақстандықтар 54 миллионнан аса қызметті алу үшін ұзынсонар, шетсіз, шексіз кезек түзер еді. Жаңа жүйенің тиімділігі сан салада да байқалып отыр. Сол себепті қазіргі таңда елде экономикалық үдерістердің дамуын болжау үшін ЖИ қолдану тетігі әзірленіп жатыр. Жиында үкімет басшысы осы бағытқа база назар аударуға пәрмен берді.
Әлеуметтік-экономикалық даму барысын жоспарлау жүйесіне ЖИ енгізу қажеттігін атап өтіп, оны қолданудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырды.
Тегтер #жасанды интеллект жылы #Қазақстан экономикасы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz