RU
Толық нұсқаға өту

GITEX AI халықаралық көрмесіне 300 компания қатысып жатыр

04.05.2026, 23:00 24

Қазақстан жасанды интеллект саласында көшбасшы елдер қатарында.

Мұны GITEX AI KAZAKHSTAN халықаралық көрмесіне келген айти саланың алпауыттары  мойындап отыр. Тіпті бірқатары еліміздің бұл бағыттағы әлеуетін бірлесе дамытып, ортақ жобаларды іске асыруға білек сыбана кіріспек.

GITEX халықаралық көрмесінің ару қала Алматыда өтуі  бекер емес. Оңтүстік Астана бұған дейін де аймақтағы технологиялық көшбасшылардың жиі бас қосатын алаңына айналды. Бұл жолы ауқымды шараға  26 мемлекеттен 300-ден аса алпауыт компания қатысуда. Олардың кейбірі қазақстандық нарыққа енді ғана тәй-тәй басып жатыр. Солардың бірі Turing Evolution. Әлем бойынша айти салаға қажетті чип өндірісін қолға алған.

Цюй Хао, Turing Evolution компаниясының президенті:

- Біз әлемдік айти нарықта 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатырмыз. Соның ішінде чип өндірісі, жартылай өткізгіш технологиясы және бағдарламалық модельдер әзірлеу бойынша мол тәжірибеміз бар. Командамыздың жоспары айқын: біз оны «AI Ғаламдық стратегиясы» деп атаймыз. Яғни робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, AI құрылғылары және интеллектуалды есептеу орталықтарына арналған қызмет түрін көрсетеміз. 

Шетелдіктердің қызығатындай жөні бар. Жасанды интеллектіні дамыту бойынша  Қазақстан Орталық Азияда көш басында. БҰҰ-ның  онлайн қызметтер рейтингінде  үздік ондыққа ендік. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы цифрлық форматта көрсетіледі. 

Айым Қайролодаева, GITEX AI Kazakhstan көрмесінің қатысушысы: 

- Біз киберқауіпсіздік, бұлтты сақтау. Яғни деректерді Қазақстанда сақтаумен айналысамыз. Сонымен қатар, Қазақстанда ЖИ бойынша агенттерді дайындаумен айналысамыз. Жауапкершілігі жоғары. Және де жаңа Конституцияға сәйкес, маңызы өте үлкен. Яғни қазақстандықтардың, Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың мәліметтері Қазақстанда қалып, өңделуіне өте үлкен көңіл бөлініп жатыр. 

Иә, елімізде талантты айти мамандардың шоғыры қалыптасып келе жатыр. Ал GITEX сынды халықаралық алаңдар талантты жастардың жарқырай көрінуіне жол ашады. Отандық өнертапқыштардың әлемдік нарыққа бет бұрып, инвестиция тартуына таптырмас мүмкіндік, дейді сарапшылар. 

Цюй Хао, Turing Evolution компаниясының президенті:

- Біздің Шанхайда, Кремний алқабында, Дубайда, Канадада өкілдіктеріміз бар. Бұл көрмеге қатысудағы басты мақсатымыз: Қазақстандық нарыққа қадам басу. Елдеріңізге инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Біз Үкіметпен тау-кен, медицина,  роботехника бойынша ынтықмақтастық орнатқымыз келеді. Оған екіжақтың да әлеуеті толықтай жетеді. Қазақстанда талантты жастардың басын қосып, ғылыми-зерттеу бағытында жұмыс істейтін команда құрғымыз келеді. 

Жүргізушісіз такси, кеденнен кедергісіз өтетін жүйе, зымыран қозғалтқыш. Әлемдегі ең ірі технологиялық көрмеде мұның барлығы көптің назарына ұсынылды. Тіпті қаржы, энергетика, мұнай -газ сынды салмақты салалардағы тың жобалар да таныстырылды. 

Қуандық Замкен, GITEX AI Kazakhstan көрмесінің қатысушысы: 

- Біздің компания айти тауарлармен мұнай компанияларын, кішігірім бизнестерді қамтамасыз етеді. Джитексқа бірінші рет келіп тұрмыз. Былтыр Дубай қаласында болған Джитексқа барғанбыз. Арасында басқа шет мемлекеттегі компаниялармен өзіміздің тәжірибемізді алмасуға келіп тұрмыз. Жиын өте ауқымды, ұнап жатыр. Государственный сектор, малый-средний бизнес, мұнай, шетелдік нарықта бармыз. Біздің компанияның офистары Қырғызстанда, Бішкекте бар. 

Цюй Хао, Turing Evolution компаниясының президенті:

- Біз GITEX көрмесіне бірнеше өнімімізді алып келдік. Бұл өнімдердің барлығы біртұтас аппараттық жүйені құрайды. Мәселен, Turing U100 сериясы. Ол секундына өте көп операцияларды орындай алады. Құрылғы  негізінен дайын AI модельдерін іске қосуға арналған, яғни бет, дауыс тану, бейне талдау сияқты тапсырмаларды жедел орындауға көмектеседі. 

Әлемдік айти өндірістің көшбасшылары екі күн қатарынан осы алаңда  тәжірибе алмасып, тың жобаларын паш етеді. Мұндай озық технологиялар  кез келген саланың тамырына қан жүгіртіп қана қоймай, елімізде цифрлық  экономика саясатын тиімді іске асыруға сеп, дейді сарапшылар. 

Назерке Тоқжан, Радик Джакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz