RU
Толық нұсқаға өту

Отандық IT-қызметтер экспорты $1 млрд асты

05.05.2026, 19:20 33

Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 трлн доллардан асып жығылады деген жоспар бар. Ал 2035 жылға қарай Қазақстанда 14 мамандық мүлдем жойылып, 46 кәсіп түрі қысқаруы мүмкін. Осылайша, еңбек нарығының жартысына жуығы жасанды интеллект ықпалынан өзгеріске ұшырамақ.

Жасанды интеллект әлбетте білім беру жүйесін, медицинаны, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы мен құрылысты сондай-ақ геологияны қамтымақ.

Жасанды интеллектті геологияда қолдану

Геологиялық ақпаратты сканерлеу - 97,5%

Деректердің көлемі - 250 ТБ

Магниттік тасымалдауыш - 250 мың

Графикалық карта - 645 мың

2029 жылы жеке инвестициялар өсімі - 30%

Қазір геология саласында мұрағаттық деректерді электрондық форматқа көшіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда бастапқы геологиялық ақпараттың 97 пайыздан астамы немесе 250 терабайт дерек сканерленген. Бұл жұмысты жеделдету және сапасын арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдалана отырып, мұрағат материалдарын автоматты түрде өңдейтін және геологиялық модельдерді қалыптастыратын жүйе әзірленді. Бұл туралы өткен аптада Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеген еді.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Экранда Ұлытау облысының интерактивті жер қойнауы картасында жасанды интеллект мыс әлеуеті жоғары учаскелерді автоматты түрде анықтап көрсеткен. Әр блокты детализациялау барысында жекелеген учаскелер туралы кеңейтілген мәліметтер, соның ішінде геологиялық қабат деректерін алуға болады. Осылайша ЖИ шешім қабылдауға, қажетті деректерге жылдам қол жеткізуне мүмкіндік береді.

Елімізде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 50-ден астам AI-агенттер қалыптасып жатыр. Атап айтқанда, Cerebra AI жүйесі бірқатар өңірде инсульттан болатын өлім-жітімді 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Ол компьютерлік томография нәтижесін небары 5-10 минут ішінде талдайды.

Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап, инсультке күдігі бар 7 мың 600-ден астам науқастың деректері талданды. Өлім-жітім деңгейінің 40 пайызға төмендеуі, сондай-ақ уақтылы ем алатын пациенттер үлесін 150 пайызға артқаны байқалады.

Жасанды интеллект арқылы дәрігер қабылдауына кезекті қысқартуға да болады. Өткен аптада медициналық құжаттарды толтыру процесін автоматтандыруға бағытталған Ascle стартап жобасы таныстырылды. Стартап жетекшісі Сұлтан Жұмабаевтың айтуынша, жүйе медициналық құжаттаманы жүргізуге кететін уақытты 50 пайызға қысқартады. Клиникаға науқастарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі стартап 38 клиникада жəне еліміздің төрт өңірінде сынақтан өткен.

Сұлтан Жұмабаев, Ascle стартап-жобасының жетекшісі:

- Біз дəрігерлерге арналған ЖИ жүйесін құрудамыз. Ол дəрігердің пациентпен диалогын тіркеп, сөйлеуін таниды. Оны құрылымдалған медициналық деректерге айналдырады. Алынған деректерді алғашқы қабылдау картасына жəне медициналық картаның негізгі бөлімдеріне автоматты түрде толтырады. Содан кейін алынған ақпаратқа сəйкес оңтайлы емдеу мен тағайындауды ұсынып, алдын ала диагноз қояды.

Бүгінде елде AlemGpt платформасы жұмыс істейді. Жоба суперкомпьютер базасында, жабық желіде іске қосылды. Жүйе қазақ тілін түсінетін ірі модельге негізделген. Оның көмегімен құжатты дауыс арқылы да рәсімдеуге болады. AI көмекші eGov Mobile қосымшасында да қолжетімді болмақ. Жалпы Қазақстан Орталық Азияда ең үлкен суперкомпьютер кластері бар озық мемлекет. Аймақта бірден бір көшбасшы саналады. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның AI жөніндегі басқарушы директоры Әлібек Сайланбаев осылай дейді.

Әлібек Сайланбаев, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ AI жөніндегі басқарушы директоры:

- Жасанды интеллекттің құралдарын үйрену керек қазіргі таңда. Егер бұрын бәр мәтінді жазу үшін 1-2 сағат, тіпті 1 күн кетсе, ChatGPT-мен 1-2 минут ішінде жақсы толық мәтін жаза аласыз. Тіпті 1-2 күнде 100 беттік кітап жазып тастай аласыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz