Елде ChatGPT Edu пилот жобасы әзірленіп жатыр. Оған 200 мың оқытушы қосылып, сабақ барысында жасанды интелектінің әлеуетін пайдалана алады.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Заманауи технологияның мүмкіндігі мол екені белгілі. Мұны мұғалім де, оқушы да қолданады. Ал оқушыға жасанды интеллект не береді? Пайдасы қандай, қаупі неде?
Елде тек педагогтар дайындайтын 44 колледж бар. Бәрі де заман ағымынан тыс қалмауға тырысады. Сондықтан ЖИ негіздерін барынша меңгеріп жүр. Ал құзырлы министрлік колледждерге цифрлық шешімдерді енгізу бойынша арнайы жол картасын жасақтады.
Ақзира Қасымова, ҚР ОАМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:
- Президент биылғы жылды Цифрландыру және ЖИ жылы деп жариялады. Осы жылдың аясында біздің колледждерге ЖИ ендіру бойынша ОАМ жол картасы жасалды. Жол картасы аясында бірнеше мәселе қарастырылды. Яғни оқу бағдарламаларына ЖИ енгізуден бастап, педагогтар курсына енгізу, сонымен қатар лабораториялар ашуға дейін қарастырылған.
Иә, жасанды интеллекті ұстаздардың құзіретін бекемдеп қана қоймай, оқушылардың да танымын кеңейтуге сеп. Балалар қазірдің өзінде АІ тілін меңгеріп жүр. Ал Астанадағы оқу ордаларының бірінде арнайы кабинет ашылмақ. Пилоттық жоба оқу үдерісін жақсартып, сабақ сапасын ақпараттық деректер негізінде талдауды көздейді.
Айтжан Әбілмажинов, №101 мектеп директорының цифрландыру жөніндегі орынбасары:
- Мектепте оқушылар дрон басқару үйреніп, оны түрлі тапсырмаларға бейімдеп, жобаларының нәтижесін бірден көріп талдай алады. Бұл теория мен практиканы қатар ұштастыруға жол ашады. Алдағы уақытта кабинет пилоттық режимде сынақтан өтеді.
Жасанды интеллект оқушылардың білім сынақтарынан сүрінбей өтуіне де жәрдемші. Елде алғашқы халықаралық SAT емтиханына дайындалуға арналған тегін тренажер іске қосылды. Жоба жасанды интеллект және цифрлық даму, сондай-ақ Оқу-ағарту министрліктерінің қолдауымен жүзеге асты. Бұрын сапалы SAT дайындығы көбіне ақылы курстар мен репетиторларға тәуелді болатын, енді ашық әрі тегін форматта қолжетімді.
Балжан Тұрдалиева, жоба үйлестірушісі:
- Тренажер College Board ресми базасынан алынған 3 000-нан астам тапсырманы қамтиды және емтиханның негізгі бөлімдері - Math және Reading & Writing бағыттарын толық қамтиды. Пайдаланушылар тақырыптар мен күрделілік деңгейін таңдап, нақты әлсіз тұстарына назар аудара алады. Тренажер интерфейсі SAT-дың цифрлық форматын қайталайды, соның ішінде тапсырма түрлері мен калькулятор секілді кіріктірілген құралдар да бар. Бұл оқушыларға емтихан құрылымына алдын ала бейімделуге және тест тапсыру кезіндегі күйзелісті азайтуға көмектеседі.
Жүйе оқушының жауабын талдап, әлсіз тұсын анықтайды және сол бағыттар бойынша қосымша тапсырмалар мен түсіндірме ұсынады. Бұл тәсіл дайындықты нәтижелі етеді дейді авторлар. Жалпы елде балалардың білім деңгейін электронды күнделік емес, жасанды интеллектіге негізделген бірыңғай кеңістік бағамдайды. Сосын саланы жаңғырту жұмысы оқушыны сынау емес, алған білімін санасына тоқуға көмектеседі.
Авторы: Мерей Мұратханқызы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #цифрландыру және ЖИ #білім беру #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz