Енді экспорттық транзакцияларды бағалауда жасанды интеллект қолданылмақ. Бұл туралы Астанда өтіп жатқан Берн одағының отырысында айтылды.
Делегаттар күрделі транзакцияларды бағалауды оңтайландыру үшін сақтандыру жұмыстарына ЖИ енгізу мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек қатысушылар тау-кен саласын сақтандыру және исламдық қаржыландыру тетіктерін талқылады. Қазақстанның Орталық Азияда өңірлік байланысты нығайтудағы және маңызды минералдарды өндіру мен инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тартудағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар Прага клубы комитетінің кездесуі өтті. Спикерлер Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің жас компанияларға жаңа нарықтарға шығуға қалай көмектесетінін, экспорттаушылар үшін цифрлық экожүйе құрудағы мемлекеттік институттардың рөлін талқылады. Форум аясында Түркия мен Сауд Арабиясының ірі банктерімен стратегиялық келісімдер жасалды. Одақтың келесі басқосуы Токиода өтеді. Еске салайық, Берн одағы – экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыратын жетекші халықаралық коммерциялық емес ұйым.
Аян Бектыбаева, «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Қазақстанның бұл қоғамдастыққа мүше болғанына 10 жылдан асты. Берн одағының тең төрағасы және қабылдаушы тарап ретінде біз экспорттық кредиттеу индустриясының трансформация кезеңінде тұрғанын көріп отырмыз. Біздің міндетіміз – тек тәуекелдерді сақтандыру ғана емес, экспорттаушыларды қолдаудың интеллектуалды экожүйесін құру. Прага клубы аясындағы тәжірибе алмасу Қазақстанның шикізаттық емес экспортын ынталандыру үшін үздік әлемдік тәжірибелерді жедел бейімдеуге мүмкіндік береді.
Растислав Подгорец, Словакия Эксимбанкінің басшысы:
- Ең алдымен біз әлемдік саудадағы Орталық Азияның рөлі артып келе жатқанын атап өтеміз. Қазақстан өңірдегі негізгі ойыншы ретінде біз үшін ерекше қызығушылыққа ие. Әсіресе өткен жылы Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоның сапарынан кейін словакиялық экспорттаушылар мен кәсіпкерлердің қазақстандық бизнеспен ынтымақтастықты нығайтуға деген ынтасы айтарлықтай артқанын көріп отырмыз.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #транзакция #жасанды интеллект #Берн одағыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz