RU
Толық нұсқаға өту

Цифрлық жүйеге қызығушылық артты

19.05.2026, 14:00 124

Шымкентте жасанды интеллект мектебі ашылды. Орталықта 18 жастан асқан тұрғындар тегін оқып, бағдарламалау мен цифрлық жобаларды меңгереді.

Өңірде бұдан бөлек робототехника зертханасы жұмысын бастады. Онда ІТ стартаптар мен инновациялық жобалар жүзеге асырылады. 

Халықаралық оқыту моделіне негізделген орталық келушілердің шығармашылық және технологиялық дағдыларын дамытады. Іріктеуден өткен талапкерлер жасанды интеллектіні бастапқы деңгейден кәсіби сатыға дейін үйренеді. Яғни мұнда бағдарламалау, веб-дизайн, анимация, киноөндіріс пен цифрлық музыка саласының қыр-сырын меңгереді.

Уәлихан Сламбеков, Tomorrow School мектептер желісінің аймақтың директоры:

- Егер ол мысалы басқа салада жүр. «Шаштараз» немесе «биолог» немесе «математик» па!? Бірақ жүрегімен ІТ-ді қалап тұр. Біз соларды нөлден дайындаймыз. Бізде общий 4 ветка бар. Яғни GO-AI, AR/VR, GS деген сияқты тілдерді толықтай үйретеміз.

Мамандар бұл бағыттардың заманауи цифрлық индустрияда сұранысқа ие екенін айтады. Сол себепті курс соңында қатысушыларға халықаралық сертификат беріледі. Ал оған дейін заманауи зертханада жан-жақты шыңдалады.

Жанар Рысбекова, Ж. Тәшенов атындағы университетінің вице-ректоры:

- Дронды жасаудан бөлек, айдап үйренуден бөлек, олар бағдарламасын  жасап үйреніп жатыр. Осы өңірде экология болсын, ауыл шаруашылығы болсын, мал шаруашылығы болсын, соның бәрінде осы жасап жатқан қазіргі балалардың жұмыстары серпінді әсер ете алады деп ойлаймыз.

Ал 50-ге жуық стартапшының басын қосқан «Шымкент хабта» инновациялық жобалар ойдағыдай жүзеге асырыла бастады. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы жануарларына арналған автоматтандырылған трекерлер құрастырылып, спорт саласы үшін арнайы цифрлық жүйе әзірленді.

Құрманғазы Мұратов, «Шымкент Хаб» аймақтық менеджері:

- Жалпы «Шымкент Хабтың» мақсаты Шымкент қаласындағы ІТ стартаперлерді өсіру, ІТ эко системаны дамыту және стартап мәдениетті дамыту десек болады. Жасанды интеллект адамға инструмент ретінде көмектесуі керек. Оны инструмент ретінде қолдансаң өзіңнің ақыл ойыңды дамытуға болады. Ал егер үй жұмысын істеп бер деп толық көшіретін болсаң ой өрісің дамымайды.

Жергілікті жоғары оқу орнының базасында да жасанды интеллект және робототехника орталығы жүмысын бастайды. Қазір ғалымдар жобаның кешенді жоспарымен айналысып жатыр. Мұндағы мақсат - техногендік қалдықтардан құрылыс материалдарын шығару өндірісіне заманауи цифрлық жүйелерді енгізу.

Жамбыл Айменов, Техника ғылымдарының докторы, профессор:

- Егер де сол жұмыстарымыз нәтижелі болатын болса бизнес партнерларымыздың ішінде Қытайдың фирмалары бар, Еуропаның Венгрия республикасында фирмалар бар. Бұл проект 3 жылға арналған. Біткен кезде бизнес партнерларымыз арқылы еуропаның нарықтарына шықсақ деп ойлаймыз.

Университет базасында бәсекеге қабілетті әрі сапалы кадр даярлауға басымдық берілді. Осыған байланысты дәстүрлі мамандықтар заман сұранысына сай бейімделіп, түлектерді тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Ал жаңа орталық іске қосылса, өңір өнеркәсібінің дамуына серпін береді, - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz