Биыл геология саласын цифрландырып, заманауи технологиялар енгізуге 40 млрд теңге бөлінді.
Бұл қаржы минералдық-шикізат базасын дамытып, жер қойнауының цифрлық карталарын жасауға жұмсалады. Алдағы екі жылда 100 мың шаршы шақырым аумаққа ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы Шымкентте өтіп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
Республикалық конференцияға мұнайшылар мен ғалымдар, саланың дамуына еңбек сіңіріп жүрген жетекші мамандар жиналды. Басты мақсат ғылым мен өндірісті ұштастырып, отандық геологияға жаңа серпін беру. Осы ретте қатысушылар өзара іскерлік диалог орнатты.
Ерлан Акбаров, ҚР Энергетика вице - министрі:
- Ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру. Үлкен геолог буындар мен жас геолог буындардың тәжірибе алмасатын маңызды алаңы.
Конференция Шахмардан Есеновтің 100 жылдығына орайластырылды. Жиында ғалымның өмірі мен ғылым жолындағы еңбегіне арналған деректі фильм көрсетіліп, естеліктер айтылды.
Серікбек Дәукей, геология-минералогия ғылымдарының докторы:
- Сондай адамдарды туғызу керек. Сондай адамдар кіру керек осы үкіметтің жұмыстарына. Сондықтан геологтың атын шығару керек. Көтеру керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елдегі геология саласында үлкен реформалар басталды. Жаңа міндеттерді орындау үшін биыл бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінсе, алдағы жылдары бұл соманы 100 миллиардқа дейін ұлғайту жоспарланған. Қаражат саланы цифрландыруға бағытталады.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- Кешенді мемлекеттік шаралар әрі қарай жалғасады. Оның ішінде аумақтың геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін арттыру. Геологиялық ақпаратты толық көлемде цифрландыру, тереңдік аймақта зерттеулер жүргізу және аз зерттелген бассейндерге 2D сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Биыл мемлекеттік меншікке 38 жаңа кен орны қайтарылып, есепке алынды. Енді конференция қорытындысы бойынша Қазақстанның минералдық-шикізат базасын игерудің жаңа стратегиялық жоспары жасалады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #геология #цифрландыру #Қазақстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz