Қазақстан Люксембургпен жасанды интеллект және инновация саласындағы әріптестікті күшейтуді көздеп отыр.
Батыс Еуропадағы ең бай елдердің бірі өз технологияларымен бөлісуге дайын. Сондай-ақ қаржы және өнеркәсіп салаларына нейрожелілерді енгізу үшін қазақстан тәжірибесін пайдалануға ниетті. Осы мүмкіндіктер Люксембургтің ұлттық инновациялар агенттігінің басшылығымен болған кездесуде талқыланды.
Қазақстан мен Люксембург арасындағы экономикалық ынтымақтастық тұрақты дамып келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 20 миллион долларға жуықтаған. Өсім көлемі 1,3 пайыз болды. Қазір тараптар саудамен ғана шектелмей, жаңа бағыттарды да қарастырып жатыр. Оның ішінде жасанды интеллект, инновация және стартаптарды қолдау да бар.
Роман Василенко, Қазақстанның Бельгия мен Люксембургтегі елшісі:
- Біз бұл мемлекеттік компаниямен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Люксембург – стартаптарды дамытуға арналған ақылды экожүйелер құруда әлемдегі көшбасшылардың бірі. Сондықтан бұл тәжірибе біз үшін өте маңызды деп ойлаймын.
Кездесуде ұлттық инновациялар агенттігі директорлар кеңесінің төрағасы Қазақстанның мемлекеттік компанияларының ұсыныстарымен танысты. Әсіресе оның назары Әлем AI-ға ауды. Бұл платформа жасанды интеллект саласындағы халықаралық орталық саналады. Ол білім беру, стартаптарды дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және нейрожелі шешімдерін тәжірибеде қолдану бағыттарын біріктіреді. Сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастық алаңына айналуы мүмкін.
Марио Гротц, Люксембург Ұлттық инновациялар агенттігі директорлар кеңесінің төрағасы:
- Бізде дамыған технологиялық экожүйе бар. Люксембург өз технологияларын экспорттауға мүдделі. Сонымен қатар біздің қаржы және өндіріс секторларымызға сыртқы тәжірибе қажет. Сондықтан біз қазақстандық компанияларымен, университеттерімен және зерттеу орталықтарымен жасанды интеллект саласында ынтымақтасуға мүмкіндік бар деп есептейміз.
Люксембург инвестициялық әріптес ретінде де маңызды рөл атқарады. 2025 жылы бұл елден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі шамамен 666 миллион долларға жетті. Ал 2005 жылдан бері Люксембургтен еліміздің экономикасына құйылған инвестиция көлемі 4 миллиард долларға жуық. Бүгінде Қазақстанда люксембургтік капиталдың қатысуымен 200-ге жуық компания тіркелген.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Қазақстан #Люксембург #ЖИ #әріптестікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz