RU
Толық нұсқаға өту

Цифрлық жол қауіпсіздігі

02.06.2026, 15:37 29

Елімізде жол қауіпсіздігін цифрландыру және дербес деректерді қорғауға қатысты заң қабылданды.

Құжат көлік мектебіне қойылатын талаптарды күшейтуден бастап, жол ережесін бұзуды цифрлық форматта тіркеу, сондай-ақ пилотсыз көліктер мен аэротакси қызметін реттеуге дейінгі бірқатар жаңашылдықтарды қамтиды. Ал роботакси жобасы биылғы жылдың екінші жартысында Астана, Алматы және Ақмола облысында пилоттық режимде іске қосылады.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Елде жүргізушілерді даярлау талаптары күшейеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикада 800-ден астам көлік мектебі жұмыс істейді. Алайда 2016 жылдан бері олардың қызметі мемлекеттік бақылаудан тыс қалған. Енді оқу орталықтары материалдық-техникалық базасының, арнайы жабдықталған көліктері мен оқу алаңдарының, сондай-ақ білікті мамандары мен бекітілген оқу бағдарламасының бар екенін дәлелдеуі тиіс. Бұрын көлік жүргізу орталығын ашу үшін тек хабарлама беру жеткілікті болса, енді рұқсат алу тәртібі енгізіледі.

Арай Төлегенқызы, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Бұған дейін автомектеп ашу үшін кәсіпкер тек хабарлама жіберетін. Енді бұл тәртіп өзгереді. Оқу орталығы қажетті талаптарға сай екенін дәлелдеп, құзырлы органның тексерісінен өткеннен кейін ғана жұмысын бастай алады.

Жаңа заңдағы тағы бір маңызды бағыт – жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту. Құжатқа сәйкес, жол ережесін бұзуды тіркейтін бейнекамералар енді стационарлық кешендерде ғана емес, жедел жәрдем мен қоғамдық көліктерге де орнатылады. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері біріктіріледі. Мәселен, медициналық комиссия азаматқа көлік жүргізуге тыйым салса, оның жүргізуші куәлігі емделіп шыққанға дейін уақытша бұғатталады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Бұл маңызды қадам. Себебі тексеру кезінде денсаулық жағдайына байланысты көлік жүргізуге болмайтын 20 мың азаматтың әлі де рульге отырып жүргені анықталды. Мұндай жағдайлар жолдағы қауіпсіздікке қатер төндіреді. Сондықтан медициналық деректерді ақпараттық жүйелермен біріктіру маңызды шешімдердің бірі.

Заңда пилотсыз басқарылатын көліктерді реттеу мәселесі де қамтылған. Биылғы жылдың екінші жартысында Қазақстанда роботакси пилоттық жобасы іске қосылады. Қазір жобаға қажетті инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ғиззат Байтұрсынов, ҚР ЖИЦДМ Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы:

- Және де бұл технология таксистердің жұмысына қандай да бір әсер тигізеді деп ойламаймын, өйткені кез келген жаңа технология жаңадан жұмыс көздерін тудырады. Сол сияқты бұл технологияда да мысалға резервный водительдің жұмысы бар, қашықтықтан қадағалап отыратын оператордың жұмысы бар. Одан бөлек жаңағы HD карталар шығаратын мамандар керек болады. Бағаға келетін болсақ, менің ойымша, бұл жерде бағасы қазіргі бағалардан ондай артықшылық болмауы керек. Бірақ біздің ең басты мақсатымыз біз бұл жерде монополия жасап отырған жоқпыз. Қазіргі уақыттың өзінде екі компания қатысып жатыр. 

Сарапшылардың пікірінше, роботакси технологиясы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Қашықтан бақылау операторлары, резервтік жүргізушілер және жоғары дәлдіктегі цифрлық карталарды әзірлейтін мамандарға сұраныс артуы мүмкін. Сонымен қатар жобаны бірнеше компанияның жүзеге асыруы нарықтағы бәсекелестікті сақтап, қызмет бағасының қолжетімді болуына мүмкіндік береді.  Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар АҚШ, Қытай, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінде кеңінен қолданылып келеді. Ал қазақстандықтардың жүргізушісіз таксиге көзқарасы әртүрлі. Бірі жаңа технологияның мүмкіндігіне сенсе, енді бірі қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды.

БЛИЦ: 

- Оны толық тексеруден кейін қолданған дұрыс сияқты. Өйткені бірден техникаға сенім арта беруге де болмайды бір жағынан, аяқасты істен шығып қалса, бір адамның өмірін алып кетуі мүмкін дегендей. Бір жағынан даму, бір жағынан ол қауіпсіздікті ескеру керек деп ойлаймын. Қазір жол-көлік оқиғалары өте көп. Көбіне ережелерді соблюдать етпеген соң болады, ал кішкене анау ИИ-мен программирование болады сол бойынша, мүмкін азаятын шығар. 

- Дамыған мемлекеттердің бәрінде қазір сол ғой. Жақсы дамып жатқанына қуаныштымыз. Енді қауіпсіз болады. Екіншіден, айтылған нақты уақытында келеді. Қорқынышты ештеңесі жоқ деп ойлаймын. Қайта ең безопасный болады. Пробка жағдай болады, тез жүретін жастар бар. Әртүрлі жағдайлар болады ғой. 

- Қазір заманға байланысты бәрі шығып жатыр ғой. Мен сенемін.

Пилоттық жоба барлық инфрақұрылым толық дайындалып, сынақтар сәтті аяқталғаннан кейін ғана іске қосылады. Алғашқы кезеңде жүргізушісіз көліктер операторлардың қатаң бақылауында болады және белгіленген бағыттармен ғана қатынайды. Сонымен қатар елімізде қалалық әуе таксиі жобасы да әзірленуде. Алайда оны іске асыру үшін қону алаңдарынан бастап әуе кеңістігін басқару жүйесіне дейін арнайы инфрақұрылым қалыптастыру қажет.

Наргиз Бекмағанбетова, Аян Сәрсенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz