Елде цифрлық еңбек биржасы пайда болды.
Яғни жасанды интеллект жұмыс тауып береді.
Заманға ілесу үшін осындай мүмкіндіктерді қалт жібермей, пайдалану міндет. Сосын бұл салаға қаншалықты жақын болсаңыз, жұмысыңыз соншалықты жеңілдей түспек. Бұл ғана емес, қазір жасанды зердені меңгергендермен қатар жұмысшы мамандарға да сұраныс артқан.
ЖИ еңбек өнімділігін арттыруға сеп
2030 жылға қарай жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын үлесі 15 трлн доллардан асады. Халықаралық сарапшылардың болжамы бұл. Қазақстан да заман ағымына ілесіп келеді. Банк секторы, логистика, тау-кен өнеркәсібі, сауда және мемлекеттік басқаруда жасанды зерде енгізіліп жатыр. Қаржыгер Саида Тілеуленова ішінара автоматтандырудың өзі, бизнес пен мемлекетке жыл сайын жүздеген млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтады. Расында жаңашылдық еңбек өнімділігін арттырудың негізгі факторына айналып жатыр.
Саида ТІлеуленова, қаржыгер:
- ЖИ экономиканы “көлеңкеден шығарудың” драйверіне де айналуы мүмкін. Процестер неғұрлым цифрлық форматқа көшсе, сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі схемаларға және адами факторға орын соғұрлым аз қалады. Мемлекет үшін бұл салық түсімдерінің артуын және бюджеттік шығындардың тиімділігін білдіреді.
ЖИ әсерінен 14 мамандық жойылуы мүмкін
Экономиканы тек жасанды интеллектімен дамыту мүмкін емес. Адами фактор басты орында. Дегенмен, 2035 жылға қарай ЖИ 400 мың маманның орнын басады деген болжам бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы аралықта жойылатын мамандықтар, ЖИ әсерінен жаңғыртылатын, сондай-ақ жаңа мамандықтар бойынша сараптама жасады. Соның нәтижесінде 14-іне сұраныс төмендейтіні айқындалған. Яғни копирайтер, колл-орталық операторы, кассир, аудармашылар, қазірден жаңа дағды игеруге әрекет етуі керек. Әзірге 48 мыңнан аса адам нәпақасын осы салада тауып жатыр.
Мұхтар Төлеу, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры:
- Жаппай жұмыссыздық болады деген мәселе емес. Бұл жерде біздің болжамымыз бойынша азаматтарды осы ЖИ мүмкіндіктерін меңгеріп, еңбек өнімділігін арттыру бойынша, осы жағынан да қарау керек. Осының өзінің де пайдасы болады. ЖИ көмегімен жаңадан біршама жаңа мамандықтар ашылатын болады.
Елде 33 жаңа мамандық пайда болады
Иә, еңбек нарығында трансформация жүріп жатыр. Елде 10 млн-ға жуық адам еңбек етеді. Уақыт өте буын алмасады. Жаңа дағдылар қалыптасады. Қазірдің өзінде әлемде деректерді талдау, киберқауіпсіздік, ЖИ шешімдерін әзірлеу, цифрлық инфрақұрылым және бизнес-процестерді автоматтандыру саласындағы мамандарға сұраныс артты. Біздің елде де осындай 30-дан аса мамандық пайда болады. Еңбек биржасы порталында соның бірқатарын тегін меңгеруге мүмкіндік бар.
Мұхтар Төлеу, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры:
- 28 жылға дейін шамамен 9 мыңнан аса жұмысшы, ол өңдеушілер, деректерді енгізушілер, ол мамандықтарды тиісінше басқа мамандықтарға үйретеміз. Бүгіннің өзінде еңбек биржасында 100 мың адам оқудан өтіп жатады.
Елдегі жұмыспен қамту орталығының өзі цифрландырылды. Нарыққа қажет мамандықтарды жасанды интеллект саралайды. Әрине үміткердің цифрлық біліміне басымдық беріледі.
Десе де, қазіргі еңбек нарығында жұмысшы мамандарға, сондай-ақ әлеуметтік сала қызметкерлеріне тапшылық бар. Кестеден көріп отырғандарыңыздай, қара жұмысшыларға 80 мың, аула сыпырушыға 50 мың бос орын бар, мұғалім мен дәрігер де қашан да сұраныста. Бос жұмыс орындарының дені Астана мен Алматыда тіркелген. Мамандар "жыл аяғына дейін 1 млн 200 мың вакансия ашылады" дейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9% көп. Яғни жасанды интеллект адам күшін толықтай алмастыра алмайды.
БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ:
қара жұмысшылар – 80,9 мың
біліктілігі жоқ басқа жұмысшылар – 63,9 мың
аула сыпырушылар – 50,8 мың
орта мектептің қоғамдық пәндер мұғалімдері – 33,5 мың
орта буын медициналық персоналы – 26,3 мың
өңдеу өнеркәсібіндегі біліктілігі жоқ жұмысшылар – 22 мың
науқастарға күтім жасайтын қызметкерлер – 20,2 мың
Тегтер #бұл нарық #Таңдаулы #жасанды интеллект жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz