Қазақстан Женевада өтіп жатқан «AI for Good» саммитінде елдің цифрлық экожүйесін таныстырды.
Форумға мүше мемлекеттер, әлемнің жетекші технологиялық компаниялары, ғалымдар мен әзірлеушілер жиналып, жасанды интеллектіні түрлі салада қалай тиімді пайдалануға болатынын талқылауда.
«AI for Good» саммитінің тарихы 2017 жылдан, жасанды интеллект қарқынды дами бастаған кезден басталады. Бүгінде ол Тұрақты даму мақсаттарына арналған жасанды интеллект шешімдерін талқылайтын БҰҰ-ның басты алаңына айналды.
Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы саммитке қатысушы елдердің ұлттық павильондарын аралап көрді. Құрметті делегация құрамына шақырылған санаулы қонақтардың қатарында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев болды. Көрмеде Қазақстанның цифрлық жетістіктері топтастырылған алғашқы ұлттық павильон таныстырылды.
Дорин Богдан-Мартин, халықаралық электр байланысы одағының бас хатшысы:
- Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары БҰҰ-ның Женевадағы цифрлық апталығы аясындағы ірі іс-шараға қатысып жатқанына қуаныштымыз. Көрмеде Қазақстанның ұлттық павильонының ашылуы сіздің елдің Халықаралық электр байланысы одағымен цифрлық даму саласында ынтымақтастығы нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Қайрат Төребаев, Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі:
- Әлемде жасанды интеллектіні реттеу бағытында осындай ауқымды жұмыс жүргізіп жатқан мемлекеттер өте аз. Бұл бүкіл елдер талқылап жатқан мәселе. Бірақ әлем барлық мемлекетке ортақ халықаралық ережелерді қабылдауға әлі дайын емес. Дегенмен, Қазақстан бұл бағытта бірқатар елден озды. Біз болашақтың жасанды интеллектпен тығыз байланысты болатынын түсініп, оны реттеу мәселесіне қазірден бастап басымдық беріп отырмыз.
Қазақстан павильоны үш тақырыптық аймаққа бөлінген. Біріншісі – шетелдік ІТ-компанияларға салықтық жеңілдіктер ұсынатын Орталық Азиядағы ең ірі технопарк Astana Hub-қа арналған. Екіншісі мемлекеттік дамыған цифрлық қызметтердің құрылымын көрсетеді. Бүгінде Қазақстан цифрлық мемлекеттік қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік он елінің қатарына кіреді. Ал үшінші бөлімде - қуаты бір гигаваттқа дейін жететін, Екібастұз маңында салынатын Data Center Valley жобасы ұсынылған. Болашақта бұл орталық жасанды интеллект технологияларын дамытуға және орасан зор көлемдегі деректерді сақтауға мүмкіндік береді.
Дәурен Сағидулла, DATA CENTER VALLEY жобасының менеджері:
- Бұл саладағы ең маңызды факторлардың бірі – деректерді жеткізу жылдамдығы мен электр энергиясының қолжетімді бағасы. Осы тұрғыдан Қазақстанның бәсекелестік артықшылығы жоғары. Алғашқы кезеңде орталық көмірден өндірілетін электр энергиясын пайдаланады. Бірақ алдағы уақытта жасыл энергетиканың үлесін біртіндеп арттыру жоспарланып отыр.
Ауқымды көрмеде гуманоид роботтардан бастап жаңа буындағы есептеу орталықтарына дейінгі түрлі технология ұсынылған. Бұл жасанды интеллектінің күнделікті өмірге еніп, ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын айқын көрсетеді. Демек, саммиттің басты ұстанымы да өзекті: жасанды интеллект технологиялық мүмкіндіктермен ғана емес, қоғамның мүддесімен де ұштасуы тиіс. Яғни адам мен табиғаттың игілігіне қызмет етуі керек.
Айдана Қарибжанова, Руслан Өміржан
Тегтер #Қазақстан #Женева #цифрлық #экожүйе #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz