Астанада адам сөзін автоматты түрде аударып, дыбыстап, мәтінге айналдыратын MangiSoz ұялы қосымшасы таныстырылды.
Назарбаев университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының зерттеушілері осы сияқты бірнеше тың технологиясын көпшілікке паш етті. Сонымен бірге зағип жандардың қоршаған ортаны танып білуге көмектесетін Joldas AI жобасы таныстырылды. Ол телефон камерасы арқылы айналада болып жатқан нәрселерді ауызша сипаттап бере алады. Жалпы институт талдаушылары мұндай технологиялардың таныстырылымын жылына екі рет ұйымдастырады. Бұл жолы жазғы зерттеу бағдарламасына қатысқан оқушы-студенттердің де тың жобалары ұсынылды. Солардың бірі – ым-ишара тілін сөзге аударуға көмектесетін инклюзивті технология.
Асан Тасмоллаев, мектеп оқушысы:
- Алдымен бір апта бойы телеараналардағы сурдоаудармашылардың бейневидеосын жинақтадық. Содан кейін олардың ым-ишарасын жүргізушінің сөзіне қарай сараптадық. Сөйтіп, қазақ тілді ым-ишараның ең ірі корпусын жасақтадық. 370 сағаттық 83 мың клип жиналды. Қазір елімізде құлағы нашар еститін 200 мың адам тұрады. Олардың аурухана, банкке барған кезде адамдармен қарым-қатынас жасап, түсінісуі қиын. Міне, осы мәселені шешу үшін тобымызбен осындай жоба жасап шығардық.
Әлия Түсіпова, Issai ЖИ институтының пиар менеджері:
- Институтымыз жыл сайын осындай оқушыларға арналған стажировка бағдарламасын өткізеді. Биыл 1200 өтінім қабылдадық. Соның ішінен 77 баланы іріктеп алдық. Олардың арасында грант иегерлері де, ақылы негізде қатысқан балалар да бар. Барлығының бэкграунды жақсы. Ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген, бағдарламалау мен кодинг бойынша да жақсы дайындығы бар.
Тегтер #Астана #ЖИ #инклюзивті жобалар
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz