Бүгін елордада бұрын-соңды болмаған форматтағы турнир - «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық жарысы басталды.
Мұнда спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте бақ сынап, содан соң шынайы алаңға шығады. Мамандар мұны «фиджитал спорт» деп атайды. Шараның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Астана бүгін екі әлемнің басын біріктірді. Ол кибер спорт пен шынайы әлем. Мұнда жаһанның 34 елінен келген 800 спортшы араларындағы кіл мықтыларды анықтауға кіріскен. Турнир аясында 8 дисциплина қарастырылған. Яғни, фиджитал футбол, баскетбол, жекпе-жек, шутер, би, сондай-ақ Dota 2, PUBG сынды әйгілі ойын түрлері бар. Жарыстар Астананың 4 ірі спорт нысанында ұйымдастырылады. Бүгін халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар құрметті қонақтар қатарында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан Президенттері де бар. Айта кету керек, бүгінде фиджитал бағыт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен 4 миллион 650 мың АҚШ долларын құрайды. Еліміз атынан 11 команда бақ сынайды.
Дэн Меркли, Phygital international халықаралық ұйымының бас атқарушы директоры:
- «Болашақ ойындары» – киберспорт және ең бастысы, фиджитал спорт тоғысқан ең ірі әрі әсерлі жарыс. Фиджитал қозғалысының басты мақсаты – бейнеойынға көп уақыт бөліп, дене белсенділігі азайып бара жатқан жастарды қайтадан спортқа тарту. Алдағы күндері көрермендер әлемдік деңгейде ұйымдастырылған керемет шоуға куә болады. Себебі цифрлық және физикалық жарыс бір арнада тоғысқанда, тартыс та, эмоция да бұрынғыдан әлдеқайда күшейе түседі.
Тағы бір маңызды жаңалық мұндай ауқымды турнирде қызмет етуге 800 ерікті жұмылдырылған. Енді халықаралық мультиспорт жарысы елордада тамыздың 9-на дейін жалғасады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Болашақ ойындары – 2026 #турнир #ашылуы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz