«Болашақ ойындары» жаһанның ең таңдаулы ойыншыларын жинады. Астана осы арқылы цифрлық және дәстүрлі спорт түрлері тоғысқан орталыққа айналды.
Дода бағдарламасында фиджитал футбол мен баскетбол, шутер, жекпе-жек, би, MOBA PC және MOBA Mobile сынды бағыттар бар.
Спорт. Стратегия. Сандық шешім. «Болашақ ойындары» осы үш ұғымды бір арнаға тоғыстырған ерекше дода. Мұнда әр қимыл есеппен, әр шешім секундпен өлшенеді. Сондықтан бұл жарыста күш пен технология қатар сыналады.
Фиджитал форматтағы доданы тамашалауға келген шетелдік көрермен де турнирге жоғары баға берді. Жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен қолдауы жарыстың көркін аша түсті.
Сынға түсетін саңлақтар жарыстың алғашқы күндерінен-ақ сайыс көрігін қыздырып жатыр. Ұлттық құраманы баскетболдан үш ұпай айырмасымен ұтқан қытайлық команда кездесудің тартысты өткенін айтты.
Цзян Чжэнъян, Handsome MDMX командасының ойыншысы:
- Бұл турнирге жоғары дайындықпен келдік. Біз үшін маңызды сайыс. Қазақстанмен бір алаңда ойнау біз үшін үлкен мәртебе. Астана бізді таңғалдырды. Қала жайлы, жергілікті халық өте мейірімді. Қазақтың ұлттық тағамдарының дәмі тіл үйіреді.
Ал Беларусь құрамасы келесі кезеңге жолдама алып, енді Хорватия командасымен күш сынасады.
Ян Маринин, «Минск» клубының бас жаттықтырушысы:
- Бұл турнирге жолдама алғанымызға қуаныштымыз. Сайысқа әлемнің мықты командалары жиналған. Алғашқы кездесуде былтырғы чемпиондарға есе жібердік. Дегенмен алдағы матчтарға тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз - ең жоғары нәтиже көрсету.
«Болашақ ойындары» екі жыл бұрын алғаш Ресейдің Қазан қаласында өткен болатын. Былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында ұйымдастырылды. Ал биылғы Астанадағы додағя 30-дан астам мемлекеттен 800-дей спортшы келді.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Қайрат Ақтуреев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Болашақ ойындары – 2026 #ойыншылар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz