Жасанды интеллект жер шарына қауіп төндіріп тұрған климаттың өзгеруін тоқтатуға көмектеседі. Яғни жер серігі түсірген суреттер арқылы, ауаға тараған метанды әп-сәтте анықтайды. БҰҰ-ның дерегі бойынша былтыр бір жылдың ішінде атмосферадағы зиянды газдың мөлшерін 1 млн 200 мың тоннаға азайтуға қол жетті. "Ғалымдар бұл жаһандық жылынуды тежеудің жылдам, әрі арзан жолы", - дейді.
Метан - күшті парниктік газ. Көмірқышқыл газынан 80 есе көп жылу бөледі. Ал мұның мөлшері кейінгі 800 жылда рекордтық деңгейге жетті. "Климаттың өзгеруінің бірден-бір себебі осы", - дейді экологтар. Қазір метанның таралуын азайту үшін Жерді 30-дан аса жер серігі бақылайды. Мамандардың жұмысы жеңілдеді. Мәліметтерді қолмен талдап, сағаттап отырмайды. Бұл жұмысты жасанды интеллект атқарады. Нәтижесінде ақпаратты өңдеу 15 есе артқан. Ал бұл мамандардың жедел қимылдауына мүмкіндік береді.
Мартин Краузе, БҰҰ қоршаған орта жөніндегі бағдарламаның бөлім директоры:
- Жасанды интеллект қоршаған ортағы қатысты көп мәліметті санаулы минутта өңдеп, жылдам шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл тәсілді басқа да экологиялық мәселелерді шешуге қолдануға болады.
Мамандар зерттеуін зерттеп, ақпаратты дереу жібергенімен ескертулердің 12 пайызына ғана жауап берілген. Алдағы 4 жылда БҰҰ бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізуге ниетті.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Қазір адамзаттың метанның таралуын азайтуға мүмкіндігі бар. Бұрын қолымызда тиісті ақпаратымыз жоқ дейтін. Енді бұлай сылтау айту ұят. Егер шұғыл әрекет етпесе, бұл әдейі жасалған қастаңдық саналады.
Жоба іске қосылғалы, әлемде 1,2 млн тонна метанның атмосфераға таралуына жол берілген жоқ. "Яғни 40 оқиғаның алдын алдық", - дейді бағдарлама өкілдері. Ал бұл бір жылда бензинмен жүретін 24 млн көлікті тоқтатып тастағанмен бірдей. Озық технологияның экологияға ғана емес, экономикаға да берер пайдасы орасан. Дүниежүзілік экономикалық форумы метанға қатысты жасанды интеллект жобасы алдағы 4 жылда 700 млрд доллар пайда әкеледі деп топшылайды.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #ЖИ #климат өзгерісі #климат #ауа райы #әлемде #жер шары #атмосфера #метан #газ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz