RU
Толық нұсқаға өту

Фермерлерге арналған цифрлық көмекші

18.08.2026, 08:35 38

Қарағандылық студенттер фермерлерге арналған цифрлық көмекшіні жасап шығарды. 

Дрон мен арнайы бағдарламаның көмегімен жүйе егістіктің жағдайын талдап, минералды заттар жетіспейтін аумақтарды анықтайды. Бұл тыңайтқыштарды тек қажетті жерге сеуіп, оған жұмылдырылатын күшті  үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Жоба өңірдің ауыл шаруашылығы алқаптарында сынақтан өткізілді.

Егістіктің жағдайын көріп, құнарсыз учаскелерді анықтайтын цифрлық жүйені Қарағанды техникалық университетінің студенттері әзірледі. Жобаны жүзеге асыру үшін команда шамамен үш миллион теңге көлемінде грант алған. Мультиспектрлі камерамен жабдықталған дрон ауыл шаруашылығы алқаптарын зерттеп, арнайы бағдарлама түсірілген суреттерді талдайды. Нәтижесінде фермер егістіктің толық картасын көріп, қандай учаскелерге қосымша күтім қажет екенін анықтай алады.

Михаил Мухаметов, жобаны әзірлеуші:

- Мысалы, кей жерде егістік дұрыс өспей, тіпті   жақын арада қурап кетуі мүмкін. Оны осы бағдарлама көмегімен алдын ала болжап, анықтауға болады. Астықты мол алу үшін ең алдымен, жердің құнарына, тазалығына байланысты. Яғни тыңайтқышты нақты қажетті учаскеге сеуіп, егіннің бітік шығуына жағдай жасаймыз.

Жаңа зерттеу жүйесінің арқасында енді фермерлер бүкіл алқапты тұтас өңдемей, тек құнарсыз учаскелермен жұмыс істей алады. Бұл тыңайтқышты, суды және жұмыс күшін үнемдеуге мүмкіндік береді. Технология өңірдегі бірнеше шаруашылықтың егістік алқаптарында  сынақтан өтті. Сондай-ақ сол алқаптардан алынған топырақ үлгілері Астана қаласындағы зертханада тексеріліп, қорытынды көрсеткіштер бағдарлама мәліметтерімен іс жүзінде сәйкес келді. Нақтылық деңгейі 99 пайызды құрады.

Дмитрий Ожигин, жоба жетекшісі:

- Менің ойымша, бұл жүйе ауыл шаруашылығына өте қажет. Ол өнімділікті арттырып, тыңайтқышқа жұмсалатын шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді. Фермерлер жерді өңдеуге кететін шығынды 30-40 пайызға дейін азайта алады. Айта кету керек бұл жүйе топырақты да, өсімдік индексін де зерттеуге мүмкіндік береді.  

Жобаны жүзеге асырушылар жүйенің мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырып жатыр. Жаңа міндеттердің бірі ауыл шаруашылығы алқаптарындағы арамшөптерді автоматты түрде анықтау. Қазіргі уақытта жүйеге енгізілген мұндай талдаудың дәлдігі 90 пайызға жеткен. Стартап цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық инновациялық бағдарламалар іріктеуінен өтіп, еліміздегі үздік 50 жобаның қатарына енді.

Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz