RU
Толық нұсқаға өту

Талдықорғанда тұрғындар ЖИ дағдыларын меңгереді

06.09.2026, 08:00 56

Талдықорғанда қарапайым қала тұрғындары жасанды интеллект арқылы бағдарлама жасауды үйренеді. Тегін курсқа 15 жастан асқан азаматтар қатыса алады.

Жоба аясында 1400-ден астам адамды оқыту көзделіп отыр. 

Нұрбек Болатхан – жоғарғы оқу орнының екінші курс студенті. Талапты жас екі аптадан бері бағдарламалаудың әліппесін үйреніп, әртүрлі жобалармен жұмыс істеуді меңгеріп жатыр.

Нұрбек Болатхан, студент:

- Бұл жоба мен үшін маңызды. Өйткені мен бұдан білім алып, неше түрлі құрылғылармен жұмыс істеп үйреніп, келешекте кибер қауіпсіздік саласында мықты маман болғым келеді.

Төрт апталық сабақ теорияға емес тәжірбиеге негізделген. Әрбір білімгер берілген тапсырманың орындалуына қарай келесі кезеңге өткізіледі. Жоба соңында үздік деп танылған жастарға екі жылдық оқу бағдарламасы  тегін беріледі.

Әйгерім Шаймерденова, жоба жетекшісі:

- Екі жылдың ішінде олар төрт бағдарламалау тілін оқиды. Ол жерде голанд, скрип, байден және раст тілін оқытады. Жасанды интеллектіні жай меңгеру емес, жасанды интеллектіні жасай алатындай үйретеді. Сайт болсын, қосымшалар болсын кез келген бағдарламаны жасауды үйретеді. Кез келген цифрлық өнімді шығара алатын маман болады.

Өңірде IT саласын дамыту үшін арнайы хаб құрылған. Ондағы мамандар үш жылдан бері жастардың жаңа технологияны меңгеруіне ықпал етіп келеді.

Талғат Абылаев, «JETISU IT-HUB» директоры:

- Жыл сайын біліктілікті арттыру бағытында жүз шақты іс-шара өткіземіз. Оған екі мыңнан аса адам тіркеліп, мыңнан астамы келеді. Қатысушылар осы салада жүрген адамдармен бетпе-бет жүздесіп, олардан мол мағлұмат ала алады. Өздерінің стартап жобаларын жасап, оны дамыту жолдарын үйренеді.

Жаңа басталған жоба шеңберінде 1400-ден астам адамды оқыту жоспарланған. Жалпы Жетісу облысында жасанды интеллект жүйесі білім, денсаулық және құқық қорғау салаларына енгізіліп жатыр.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz