Батыс Қазақстан облысында жетінші қыркүйектен бастап «Aqyl Energy» деп аталатын ауқымды ұлттық жобаны жүзеге асыру басталды.
Аталған жоба смарт Есептегіштерді қолдану арқылы газды есепке алу жүйесін цифрлық форматқа көшіруге бағытталған. 2030 жылға дейін өңірде «QazaqGaz Aimaq» компаниясының есебінен 136 мың тұтынушыға интеллектуалды есептеу қондырғысы орнатылады.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға 24 тамыздан бастап енген өзгерістерге сәйкес, газ есептеу аспаптары деректерді қашықтан беруі тиіс. Осыған байланысты «QazaqGaz Aimaq» АҚ көгілдір отынды есепке алу жүйесін ауқымды жаңғыртуды бастады. Жаңғырту цифрлық газ есептеу аспаптары арқылы жүзеге асады.
Дастан Ибраимов «QazaqGaz Aimaq» АҚ БҚО өндірістік филиалы директорының орынбасары:
- Мұндай тәсіл деректерді нақты уақыт режимінде талдауға, жасанды интеллект пен интеллектуалды талдау құралдарын енгізуге мүмкіндік береді. Жобаны практикалық іске асыру кезеңіне көшіру – «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның әрбір тұтынушыға көрсетілетін қызмет сапасын арттыратын «ақылды» әрі сенімді энергетикалық инфрақұрылым құру жолындағы маңызды қадамы.
Қолданыстағы құрылғыларды смарт-есептегіштерге алмастыру толығымен газбен жабдықтаушы ұйым есебінен жүргізіледі. Ал газға жаңадан қосылатын барлық санаттағы тұтынушылар есептеу аспабын өздері сатып алуы қажет. Заңды тұлғалар смарт-есептегіштерді 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін алмастырса, Батыс Қазақстан облысындағы қолданыстағы тұрмыстық тұтынушыларға 2030 жылға дейін шамамен 136 мың интеллектуалды есепке алу құралы орнатылады.
Дастан Ибраимов «QazaqGaz Aimaq» АҚ БҚО өндірістік филиалы директорының орынбасары:
- Осыған байланысты «QazaqGaz Aimaq» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының бекітілген тарифтік сметасында халыққа «Aqyl Energy» бағдарламасы бойынша газ есептеу аспаптарын ауыстыруға арналған шығындар қарастырылмағанын хабарлаймыз. Тағы да атап өткіміз келеді, қолданыстағы тұрмыстық тұтынушылар үшін интеллектуалды газ есептеу аспаптарын орнату тегін жүзеге асырылады.
Аталған жоба тұтынылған газ көлемін дәл әрі ашық есептеуге, сондай-ақ қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов
Тегтер #24KZ #жасанды интеллект #газ #БҚО #QazaqGaz Aimaq #Aqyl EnergyPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz