RU
Толық нұсқаға өту

Елде 21 мың медицина ұйымы цифрландырылды

10.09.2026, 20:00 50

Елде денсаулық сақтау саласы цифрландырылып жатыр. Бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым сандық жүйеге көшті. Бұл туралы Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Оған Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен отандық IT компаниялардың өкілдері қатысты. Жиында саланы сандық жүйеге көшіру жөнідегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Елдегі 21 мыңнан астам медицина ұйымы, 221 мың техника және мыңдаған медицина қызметкерінің деректері цифрландырылды. Ақпараттарды біріктіру және бақылауды күшейту нәтижесінде медициналық жүйеден пациенттердің 400 мыңдай ескірген картасы алынып тасталды. Ал медқызметтерді негізсіз тұтыну көлемі біршама төмендеді. Бүгінде Мемлекет басшысының Жолдауда қойған міндеттері толық іске асып жатыр.

Президент пәрменіне сәйкес Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені әзірлеу қолға алынды. Ол тиісті деректерді бір жүйеге біріктіреді. Бұл платформа дәрігерлердің жұмыс құралына айналады.

Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Мың сан ақпараттық жүйе орнына бір экожүйе жасалып жатыр. Бұл – е-денсаулық. Оның жеті компоненті бар. Оның бесеуі бүгінде қосылды, жұмыс істеп жатыр. Екеуі жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланып отыр.

Жиында препараттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің жұмысы да айтылды. Бүгінге дейін 1 млрдтан астам дәрі-дәрмектің қаптамасы таңбаланып үлгерген. 1500-ден аса дәрілік заттың бағасы «тұрақты» деп бағаланды. Ал 800 препараттың құны төмендеді.

Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

- Бұл таңбалау жүйесі дәрілерді таңбалау арқылы сол дәрінің шыққан зауытынан бастап азаматтарға қалай жеткенін цифрлық жүйе арқылы қадағалай аламыз. Сондықтан қазір дәрілік заттың қай жерде шығарылғанын, елге қалай жеткізілгенін, қай дәріханада қай пациентке сатылғанын бәрін бақылап отырмыз.

Кеңесте жасанды интеллектінің элементтері бар цифрлық шешімдер мен бірқатар жаңа жоба да ұсынылды. Жиын соңында Премьер-министр Президенттің Жолдауда берген тапсырмаларын тағы бір еске салды. Олжас Бектенов денсаулық сақтаудың бірыңғай сандық контурын құру – стратегиялық маңызға ие екенін атады. Сондай-ақ қабылданған шешімдер медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға тиіс деді.

Авторы: Альмира Оразбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz