Қазақстанда әскерге шақыру комиссияларының жұмысына жасанды интеллект пен заманауи цифрлық шешімдер енгізіле бастады. Жаңа жүйе әскерге шақырылушыларды оңтайлы әскер түрлеріне бағыттауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «24KZ».
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының қызметін кезең-кезеңімен автоматтандырып келеді. Ағымдағы жылдың басынан бастап барлық деңгейдегі әскерге шақыру комиссиялары отырыстарының хаттамаларын электрондық форматта жүргізу енгізілді. Бұл құжаттарға қашықтан қол жеткізуге, қабылданған шешімдерді жедел бақылауға және олардың заңдылығын тексеруге жол ашады.
Аудандық және облыстық әскерге шақыру комиссияларының цифрлық хаттамаларын қалыптастыру кезінде жасанды интеллект қолданылады. Жүйе әскерге шақырылушының медициналық деректері мен білім деңгейі негізінде оны тиісті әскер түрлері мен әскер тектерінде қызмет өткеруге неғұрлым оңтайлы бағыттау жөнінде ұсынымдар қалыптастырады.
Қорғаныс министрлігінің подполковнигі Ерман Иманғалиевтің айтуынша бұл процестердің мерзімін қысқартып, шешім қабылдаудың жеделдігін арттырады.
Қорғаныс министрлігі соңғы жылдары жергілікті әскери басқару органдарының қызметін автоматтандыру және цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс істеп келеді. Бүгінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрықтар тек цифрлық түрде шығарылады, ал әскерге шақыру комиссиялары отырыстарының хаттамалары электронды форматта жүргізіледі.
Сонымен қатар, цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі – азаматтарды денсаулық жағдайына байланысты мерзімді әскери қызметке шақырудан босату рәсімін электрондық форматқа көшіру. Бұл процестердің мерзімін қысқартып, шешім қабылдаудың жеделдігін арттырды.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды қызмет өткерудің бүкіл кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босату процесі автоматтандырылып, бұрынғы қолмен енгізу жұмыстары жойылды.
Алайда рәсімдерді автоматтандыру әскерге шақырылушылардың жинақтау пункттеріне жеке келу қажеттілігін жоймайды. Заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметке шақыру туралы шешім тек медициналық куәландыру нәтижелері негізінде қабылданады, ал оны онлайн форматта өткізу мүмкін емес.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz