Заманауи цифрлық алгоритмдер мен жасанды интеллект Yandex такси қызметіндегі сапарлардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа деңгейге көшті. Енді смартфон датчиктері мен жүйе апат оқиғаларын жолаушылар немесе жүргізушілер хабарласқанға дейін-ақ өзі анықтай алады. Бұл туралы Үкімет отырысында «Yandex Qazaqstan» бас директоры Тимур Шалекенов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Бүгінгі таңда оқиғалардың 24,3%-ы сол арқылы анықталады. Компания басшысының айтуынша, жасанды интеллект сапардың әр кезеңінде маңызды рөл атқарады:
Сапарға дейін жасанды интеллект құжаттарды тексеруге және жалған құжаттарды анықтауға, бағдардың күрделілігін бағалауға және жүргізушінің тәжірибесін ескеруге көмектеседі. Жүру кезінде алгоритмдер маршрут пен аялдамаларды талдайды. Смартфон датчиктерінің деректері бойынша жүйе адам жүгінгенге дейін-ақ жол-көлік оқиғаларының ықтимал белгілерін анықтап, көмек көрсету процесін бастауы мүмкін, – деп атап өтті Тимур Шалекенов.
Сонымен қатар алгоритмдер тәулік бойы 40-тан астам маманнан тұратын қауіпсіздік тобына деректерді беру арқылы маршруттан ауытқуларды және көлік құралдарының әдеттен тыс аялдамаларын бақылайды. Жалпы статистика көрсеткендей, сапарлардың 99,9%-ы оқиғасыз өтеді, ал бір миллион шақырымға шаққандағы ЖКО саны 17%-ға төмендеген.
Бүгінде Яндекс сервистері арқылы жүздеген мың қазақстандық жұмыс істейді. Бір жылдың ішінде платформалық жұмыспен қамтылғандар саны шамамен төрт есе өсті. Әр сапардан қажетті әлеуметтік төлемдер автоматты түрде ұсталады. 2024–2026 жылдары салықтар мен әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі шамамен 20 млрд теңгені құрады. Яғни цифрлық платформа бір жағынан адамға табыс табуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан мемлекет үшін бұл үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Тегтер #ЖИ #смартфон #Yandex такси #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz