Бұрын әлем елдері мұнай қорымен мақтанатын.
Қазір жасанды интеллект басты бәсеке құралына айналды. Яғни жаңа технологияларды кім жылдам меңгерсе, соның бәсі биік. Жаһандық үдерістен Қазақстан да қалыс қалмақ емес. Бұл ретте Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен елде ауқымды әрі кешенді жұмыс қолға алынды. Айталық, былтыр Жасанды интеллект министрлігі құрылса, биыл Президент жарлығымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланды.
Бүгінде жасанды интеллект кірікпеген сала жоқ. Балабақша, мектептерден бастап ірі компанияларға дейінгі құрылымдар нейрожеліге иек артты. Өйткені әлем соған бет түзеді. Ал оның қарқынына ілесу таңдау емес, талап. Ел ішінде де бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің кемінде 40%-ы жасанды жады арқылы көрсетіледі. Бұл бағыттағы жұмыс Digital Qazaqstan стратегиясы аясында іске асады. Қазірдің өзінде азаматтар мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын онлайн форматта алып жүр.
DIGITAL QAZAQSTAN СТРАТЕГИЯСЫ:
2029 Ж МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ 40% ЖИ АРҚЫЛЫ
БҮГІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ 90% ОНЛАЙН ФОРМАТТА КӨРСЕТІЛЕДІ
Олжас Әлсейітов, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ ЖИ бойынша аға әзірлеуші:
- Кез келген саладағы қызметкер алғашқы құжэат дайындау кезінде, өзінің жұмысы барысында тез ақпарат қажет болса, өзінің жұмысын автоматтандыра алады. Бұрын автоматтандыруды роботтар арқылы жасасақ, енді жасанды интеллект арқылы қолданамыз. Неден ұтамыз? Алғашқы әрі бірегейі ол уақыттан ұтамыз.
Кез келген жаһандық жаңалықтарды алдымен жас буын меңгеруі тиіс. Бұл Президент тапсырмасы. Сондықтан жасанды жадыны алдымен білім саласына енгізуге күш салынды. Заманауи технологияның игілінін енді ауыл балалары да теңдей көреді.
Алдағы екі жылда 2 мың 600-ден астам ауыл мектебі жасанды интеллектіні енгізу жобасына қатысады. Ол үшін 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту көзделген. Осылайша елде цифрландыру ауқымы кеңейіп, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін салалар саны артады. Дегенмен, қауіпсіздік басты назарда. Киберқауіпсіздікті арттыру мақсатында былтыр 1 млн-нан астам маман арнайы оқытудан өтті.
2 ЖЫЛДА 2600 АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ ЖИ ПАЙДА БОЛАДЫ
3 МЫҢНАН АСТАМ АУЫЛҒА ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ИНТЕРНЕТ ТАРТЫЛАДЫ
КИБЕРҚАУІПСІЗДІК
1 МЛН АСТАМ МАМАН ОҚУ КУРСЫНАН ӨТТІ
Шолпан Байкенжеева, №84 мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
- Жаңа сабақты түсіндіргеннен кейін жасанды интеллект арқылы тестті ұйымдастырып жібереді. Өзім бұл жерде баланың білімі тез қалай түсінді, қалай меңгерді, соның несін онлайн ұстаз жасанды интеллектпен тест құрастыру арқылы біліп отыр.
Олжас Әлсейітов, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ ЖИ бойынша аға әзірлеуші:
- Әрбір оқушы, әрбір студент ақпаратты өңдеуге, өздігінше алуға болады. Ал оқытушылар болса, ақпаратты дайындауға және экспреттік тұрғыдан дамытуға, сала бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Сонымен қатар айти жобаларды әзірлеуші мамандарға мемлекет көп көңіл бөледі. Жүйелі қолдаудың арқасында былтыр отандық стартаперлер сыртқы нарыққа шамамен 1 млрд доллардың айти өнімін сатты. Бұдан елге келетін пайда да көл көсір. Яғни, қазынаға салық түсімдері молаяды, жоғары жалақысы бар жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың табысы артады. Бір сөзбен, ұзақ мерзімді экономикалық өсім қалыптасады. Осылайша, жасанды жады кезекті технологиялық құбылыс қана емес, тұтас экономиканың өзегіне айналуы кәдік. Сарапшылар осылай топшылайды.
Назерке Тоқжан
Тегтер #жасанды интеллект жылы #Қазақстан #бәсеке #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz